Таңбалауды енгізу бойынша көш соңында қалуға болмайды – Әлихан Смайылов

478

Тауарларды таңбалау арқылы контрафакт өнімдері анықталып, адал бәсекелестік үшін тең жағдай жасалады. 

Таңбалауды енгізу бойынша көш соңында қалуға болмайды – Әлихан Смайылов

Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты. 

"Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу – Еуразиялық экономикалық одақтың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Ресей тарапы таңбалауды өз аумағында белсенді қолданады. Бұл тауарлардың кең спектрі – темекі, аяқ киім, дәрі-дәрмектер, фотоаппараттар, автошиналар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, иіс сулар, сүт өнімдері. Таңбалау арқылы контрафакт өнімді анықтау адал бәсекелестік үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Таңбалауды енгізу бойынша көш соңында қалуға болмайды", – деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында сөйлеген сөзінде. 

Оның сөзінше, тауар таңбалауға атүсті қарау, өнеркәсіп саласына қауіп төндіреді. 

"Ресей нарығына арналған таңбаланбаған өнім біздің нарыққа төмен бағамен көп көлемде келуі мүмкін. Мұндай жағдай отандық өндірушілерді өз нарығынан ығыстырып шығаруы мүмкін. Бұған қоса Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдерінің нарығына тауар экспорттау мәселесі қиындайды. Осыған байланысты елімізде тауарлар номенклатурасын кеңейтудің түсінікті алгоритмімен таңбалауды енгізу жөніндегі жұмысты белсенді жүргізу керек", – деді Әлихан Смайылов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу