Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жалпыұлттық аза тұту күні осымен 9-рет жарияланды, деп хабарлайды Atameken Business.
Ең алғаш рет қаралы күн 2006 жылғы 20 қыркүйекте болған еді. Ол кезде Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 41 кенші ажал құшқан. Жеті жұмысшы зардап шекті.
Екінші рет тағы да осы Қарағандыда болған апатқа байланысты аза тұтылды. 2008 жылдың 11 қаңтарында Абай қаласындағы кеніште 30 шахтер қаза тауып, 14-і жарақат алды. 23 кеншінің денесі табылмады. Үш күн аза тұтылды.
Келесі қаралы күн 2010 жылдың 16 наурызында болды. Елімізде Қызылағаш бөгетінің бұзылуы салдарынан қаза тапқандарға аза тұту күні жарияланды. 2010 жылғы 11 наурызда қазіргі Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқыны салдарынан 45 адам қаза тапты, 15-і – бала.
2012 жылғы 5 маусымда төртінші рет тумыз төмен түсірілді. Ол кезде "Арқанкерген" заставасындағы 14 қазақстандық шекарашы мен қорықшының қайғылы қазасына байланысты ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Ал 2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында АН-72 ұшағы құлағаны есте. Бортта 27 адам, соның ішінде 7 экипаж мүшесі болған. 27 желтоқсан күні аза тұту күні деп жарияланды.
Алтыншы қаралы күн 2013 жылғы 31 қаңтарда тіркелді. Ол уақытта Алматы облысының Қызылту кенті ауданында Challenger-200, "Көкшетау – Алматы" рейсі апатқа ұшырап, 16 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі қаза тапқан.
Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында теракт салдарынан 3 әскери қызметші мен 5 тұрғынның қаза болуына байланысты Елбасы 2016 жылғы 9 маусымда Қазақстанда ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Соңғы рет жалпыұлттық аза тұту күні 2019 жылғы 28 желтоқсанда болған. Оған Алматы маңында BekAir әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырап, 13 адамның ажал құшуы себеп болды.
Бір жыл өтпей, яғни бүгін – 2020 жылдың 13 шілдесі елімізде коронавирус құрбандарының артуына байланысты ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.