Қазақстаннан Тәжікстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Қазақстанның Душанбедегі елшісі Асқар Тәжібаев темір жол арқылы жеткізілген осы жүк куәлігін Тәжікстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігі директорының орынбасары Сохибджон Зиедуллоевке тапсырды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
А.Тәжібаев өз сөзінде Қазақстан жыл сайын бауырлас Тәжікстанның халқына гуманитарлық көмек көрсетіп келе жатқанын және 2006 жылдан бері оның жалпы сомасы 38 млн АҚШ долларынан асқанын атап өтті.
Өз кезегінде С.Зиедуллоев алғысын білдіре отырып, тәжік тарапы Қазақстан Республикасы Үкіметінің көрсеткен көмегін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде көрші елдерге қолдау көрсету мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстанға 5 мың тоннадан ұн беру туралы шешім қабылдаған болатын. Гуманитарлық көмектің жалпы сомасы – 3 млн АҚШ доллары.