"Техниканы былай қойғанда, құтқарушылардың жартысы киім-кешекпен қамтылмайды"

1037

Қазақстандық құтқарушылар қажетті техника, өрт сөндіру деполарының жеткіліксіздігін айтпағанда, киім-кешектің өзімен жартылай ғана қамтамасыз етілген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Техниканы былай қойғанда, құтқарушылардың жартысы киім-кешекпен қамтылмайды"

Бұл мәселелерді шешу үшін қаржыландыру қажет. Бірақ қолданыстағы жол картасы аясында республикалық бюджет комиссиясы Төтенше жағдайлар министрлігіне 47,9 млрд теңгеге жабдық сатып алудан бас тартты. Осыған байланысты мәжіліс депутаты Александр Милютин Үкімет сағаты барысында Үкіметке қажетті қаражат табуды ұсынды.

"Толық қорғанысты қамтамасыз ету және залалды азайту үшін өрт сөндіру деполарын кезең-кезеңімен салу, кейбірін жаңарту қажет. Бүгінгі күні республика бойынша қалада кемінде 65 өрт сөндіру депосын, ауылдық елді мекендерде 62 өрт сөндіру депосын салу бірінші кезекте талап етіледі. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін арнайы киім-кешекпен қамтамасыз ету де өзекті проблема күйінде қалып отыр. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тек 49%-ы қызметкер киіммен қамтылған", – деді Милютин.

Депутат еліміздегі материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мен роботтандырылған өрт-құтқару техникасының жоқтығын басты проблемалардың бірі деп атады.

"Азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту мақсатында Министрлік 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын бекітті. Оның шеңберінде жалпы сомасы 47,9 млрд теңгеге 731 бірлік өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдығын сатып алу көзделген. Тиісті өтінімдер республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізілді, бірақ қолдау таппады. Бұл ретте министрліктің техникаға деген жалпы қажеттілігі 2 669 бірлікті құрайды", – деді Милютин.

Осыған байланысты ол үкіметке осы проблемалар бойынша қаржыландыруды пысықтап, қарастыруды және стратегиялық жоспарларға тиісті түзетулер енгізуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу