Өрт сөндірушілер "Әскери баспана" сынды бағдарламаларға неге қатыса алмайды?

971

Азаматтық құтқару қызметкерлеріне қаражат бөлу кейінге шегерілген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өрт сөндірушілер "Әскери баспана" сынды бағдарламаларға неге қатыса алмайды?

Оған депутат Мәди Ахметов сұрақ қойған болатын.

"Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқан елде азаматтық қорғаныс саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсы деп ауыз толтырып айту қиын. Отандық қызметі құрылғалы 26 жыл болса да, 19 мың қызметкердің 40 пайыздан астамы баспанаға мұқтаж. Мысалы, Алматыда кейінгі төрт жылда тек тоғыз қызметкер баспаналы болған. Алматыда жалпы 855 қызметкер үй мәселесін шеше алмай отыр. Бұл саладағыларға "Әскери баспана" бағдарламасына қатысуға да мүмкіндік жоқ. Мұның салдарынан білікті мамандар азаяды. Кейінгі үш жылда азаматтық қорғаныс саласынан 473 адам кеткен. Басты себеп – үйсіздік", – деді депутат.

Оның айтуынша, Премьер-министр бұл сұрақты оңтайлы шешуді Үкіметке тапсырған. Бірақ оған бөліунге тиіс қаражат (жыл сайын 8 млрд теңгеден астам қаржы) алдағы үш жылдың бюджетінде қарастырылмаған.

"Премьер-Министр тапсырмасын қалай орындап жатырсыздар? Қаражат қашан бөлінеді?", – деп сұрады депутат.

Министрдің айтуынша, құтқарушыларға ішінара үй жалдап тұру үшін қаражат беріледі. Еңбек жолын енді бастаған қатардағы қызметкердің еңбекақысы 110-120 мың теңге. Аз болғандықтан тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайтыны рас. 

"Жоғарыда аталған қаражатты бөлуге пандемия кері әсер еткені айтылады. Сондықтан кейінге қалдырылған. Алдағы ақпанда Қаржы министрлігіне тағы жүгініп, қаражат бөлуін сұрап көреміз", – деді министр Юрий Ильин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу