Технологияның тілін тапқандар, инновацияның игілігін көреді

1401

Бизнес-инкубатор стартап жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді.

Технологияның тілін тапқандар, инновацияның игілігін көреді

Қазақстанды 2025 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарында инновациялық бизнеспен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдерінің қатарын көбейту міндеті қойылды. Мақсатқа жету үшін инновациялық экожүйе қалыптастырып, бизнесті инкубациялау жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Тапсырманы тиянақтау үшін "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыратын бизнес-инкубаторлар мен олардың резиденттеріне қолдау көрсетуге басымдық берілді. Бұл үшін "Бизнесті-инкубациялау" бағдарламасы іске қосылды. Аталмыш бағдарлама бизнес-инкубаторлардың құзыретін күшейтіп, түбінде ірі технологиялық компанияға айналуы мүмкін сапалы стартаптарды жетілдіруді көздеді. Стартап жобаларды алға жетелейтін бизнес-инкубаторларға мемлекет тарапынан демеуқаржы берілетін болды. Ал мемлекеттің қаржылық қолдауына қол жеткізгісі келген бизнес-инкубаторларға конкурстық іріктеуге қатысу шарты қойылды. Байқауда бақ сынағысы келген бизнес-инкубатордың 250 шаршы метрден кем емес ғимараты, бизнес жобаларды жүзеге асырудан хабары бар сарапшылары және стартап жобаларды жарты жыл мемлекеттің қолдауынсыз қаржыландыра алатын ақшасы болуға тиіс.

Бизнес-инкубатор дегеніміз...
Құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызмет көрсету арқылы шағын бизнес субъектілерін қалыптастыру үшін құрылған заңды тұлға. Бизнес-инкубатор шағын кәсіпорын құру мен оны дамытудың жауапкершілігін мойнына алып қана қоймай, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге шаруашылық жүргізу алаңын ұсынады және тиімді шартпен қосалқы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар стартап жобалардың иелеріне бизнесті дамыту үшін қаржы табудың жолын ұсынып, идеяның ақиқатқа айналуына жәрдемдеседі.

Әлемде - 4 мың, Қазақстанда - 40
Дүниежүзі бойынша ең алғашқы бизнес-инкубатор 1959 жылы АҚШ-тың Батавия қаласында пайда болған. 1980 жылдан бастап бизнес-инкубатор ғаламшардың төрт тарабында ұлттық экономиканы ілгерілетудің құрамдас бөлігіне айналған. Бүгінгі таңда әлемде 4 мың бизнес-инкубатор бар. Олардың басым бөлігі жемісті еңбек етіп жатыр. Ал Қазақстанда 40 бизнес-инкубатор тіркелген. Олардың барлығы Қазақтандық бизнес-инкубаторлар және инновациялық орталықтар қауымдастығы аясында қызмет етеді.

3 млн-нан 50 млн-ға дейін
Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметовтың айтуынша, бизнес-инкубатордың тәлім-тәрбиесін көріп, қанатын қатайтып алған "балапандар", яғни жас кәсіпкерлер алдағы уақытта үкіметтен 50 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ала алады.

"Бұған дейін бизнес-инкубатордан енші алып шыққан стартап жобалардың иелеріне 3 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілетін. "Бизнесті-инкубациялау" бағдарламасы шеңберінде 3 млн теңге 50 млн теңгеге көбейді. Бұл стартап жоба үшін қыруар қаржы және керемет мүмкіндік. Стартап жоба жүзеге асқан жағдайда оның авторы мемлекеттік грантқа өтінім береді. Барлық талап тиісінше орындалған жағдайда үкімет грант тағайындайды", – деді департамент директоры.

"Қазақстан стартап жобаларға ерекше көңіл бөліп отыр"
Ресей Федерациясы интернет бастамаларды жүзеге асыру қоры аймақтық жобасының менеджері Михаил Шатров осылай дейді.

"Біз Ресейдің венчурлық компаниясының өкіліміз. Біздің компания технологиялық жобаларға қолдау көрсету ісімен айналысады. Жылына 1 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетеміз. Олардың ішінде идеядан іске көшіп жатқан немесе бастаған кәсібінің жемісін жеп, миллиондаған қаржы айналдырып отырған кәсіпкерлер бар. Біз аймақтардағы стартап жобалардың дамуына ықпал етіп, бизнес-инкубаторлар мен технопарктерде және IT парктерде жүзеге асырылып жатқан стартап жобаларға серпін береміз. Қазақстан инновациялық бизнеспен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдеріне экожүйе қалыптастыру арқылы ұлттық экономикасын алға ілгерілетуде маңызды қадам жасап отыр. Себебі қазір әлемнің барлығы дәстүрлі экономиканы инновациялық экономикамен ұштастыруда. Әлем елдері мемлекетті бақылаушы ретінде қалдырып, инновациялық бизнеске жеке тұлғаларды шақырып жатыр. Менің білуімше, қазір Қазақстан стартап жобаларға ерекше көңіл бөліп отыр. Негізі кез келген бизнес бастаманы жөргегінен аялап, жөргегінен мәпелеу керек. Ол сонда ғана өсіп, өніп, жемісін жегізеді. Инновациялық бизнесті дамытқан мемлекет өркениет көшінен қалмайды. Инновациялық экономикаға ұмтылған ел жеке сектормен ықпалдасып, ынтымақтасып жұмыс істейді. Яғни екеуі бір-біріне көмек көрсетеді. Үкімет қаржыландырады, ал бизнес-инкубатор стартап жобаны жетілдіреді. Нәтижесінде қоғамға, экономикаға пайдалы іс атқарылады", – деді менеджер.

"Ғылымды коммерцияландыра алмасақ..."
Қазақстанға отандық ғалымдар ғана емес, әлемнің үздік мамандары мен инженерлері һәм технократтары ат ізін салмайды. Бұл "Ғылым қоры" АҚ президенті Әнуарбек Сұлтанғазиннің сөзі.

"Бізге xалықаралық ұйымдармен, ғалымдармен әріптестікті кеңейту үшін ғылымды коммерцияландыру қажет. Бұлай болмаса, инновациялық экономиканың тамырына қан жүгіріп, ғылымға басымдық беретін өндіріс орындарының саны көбеймейді. Бізге шетелдегі отандық ғалымдарды және мықты мамандарды Қазақстанға үздіксіз шақыру және олардың барлығын Назарбаев университетінің айналасына топтастыру керек. Осы жоғары оқу орны аясында отандық, шетелдік ғалымдардың бірлескен жобаларын жүзеге асырсақ ұтылмаймыз. Бұған қоса елімізге арнайы шақырылған ғалымдарға әлеуметтік жағдай жасап, оларға ғылыми орта қалыптастырып берген жөн. Мықты мамандарды ғылыми гранттармен, жобалармен қызықтыру керек. Шетелдің озық ойлы мамандарының ақыл-ойы ұлттық экономиканы инновациялық экономикаға айналдырады. Осылай болған кезде ғылым мен бизнестің бірлестігі пайда болады. Ғылым мен бизнес біртұтас болған кезде алынбайтын асқар болмайды", – деді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Оның сөзінше, биыл дүниежүзілік интелектуалдық меншік ұйымының Жаһандық инновациялық индекс тізімінде Қазақстан 129 елдің ішінде 79-орынға орналасты. Былтыр дәл осы көрсеткіш бойынша 74-орында болғанбыз.

"Бес саты төмен түстік. Бұл көңіл көншітенін көрсеткіш емес. Бізге инновациялық экономика құру бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетіп, ғылымның түрлі салаларына инновациялық идеяларын енгізу қажет. Инновациялық экономиканың қозғаушы күші – ғылым. Кәсіби кадр болмаса, ғылым құрдымға кетеді. Ғылымы құлдыраған елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдай бір адым алға баспайды. Біз адамзатқа ортақ ғылымнан ұлттық мүдде табуға тиіспіз. Ғылымдағы ұлттық мүде дегеніміз – өзге елдің ғалымына емес, өз еліңнің ғалымына жағдай жасау және оның ақылын ел игілігі үшін пайдалану", – деді "Ғылым қоры" АҚ президенті.

Инновациялық экожүйе қалыптастыру үшін...
Елімізде Astana Hub, Almaty Tech Garden, "Алатау" инновациялық технологиялар паркі сондай-ақ халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жұмыс істеп жатыр. Бұлардың барлығы адам капиталы арқылы инновациялық идеяларды жүзеге асыруды көздейді.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Бағдат  Мусиннің мәлімдеуінше, Қазақстанда инновациялық экожүйе қалыптастыру үшін білім беру саласына басымдық беру қажет.

"Кез келген елдің инновациялық дамуы адам капиталына байланысты. Сондықтан білім беру саласына ерекше назар аударылуы керек. Қарапайым азаматқа стартап ашып, бизнес идеясын дамыту үшін білім ауадай қажет. Біздің ел әлемдегі мұнай, ауыл шаруашылығы және логистика бизнесі салаларының бір бөлігі. Сондықтан стартапшыларды өндірістік сектордың мәселелерін шешуге бағыттау керек", – деді Бағдат Мусин.

Оның пікірінше, технологияның тілін тапқандар, инновацияның игілігін көреді. Ал бизнес-инкубатор стартап жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді. Осының барлығын ақиқатқа айналдыру үшін кәсіпкерлер мен стартапшыларға инновациялық идея қажет.

Шынар Қанашева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу