Теңіз табанын тазалауға 16 млрд теңге бөлінуі мүмкін

439

Атырауда жылына 15 мың тонна жүк қабылдауға қауқарлы Өзен портының жұмысы 3 жылдан бері тоқтап тұр.

Теңіз табанын тазалауға 16 млрд теңге бөлінуі мүмкін Фото: atpress.kz

Каспий қайраңы тайызданған сайын, су көліктері теңіз табанынан өте алмайды. Жайық сағасының тереңдігі қазір бар жоғы 20-30 сантиметр. Әкімдіктегілер түптереңдету жұмыстары жақында басталады дейді. Оған болжаммен 16 миллиард теңгедей қаржы қажет екен. Елдегі су көлігі тасымалына жауапты министрлік те біраз ақша құймақ. Бұған экономистер не дейді? 

Мұнайлы өңірдегі бұл Өзен порты 2010 жылы толық реконструкциядан өткен. Қазір су көлігі арқылы тасымалданатын кез келген жүкті қабылдауға қауқарлы. Теңіз табанының таяздығынан соңғы үш жыл бойы пайдасыз болып тұр.

Облыста бой көтерген ірі өндіріс орындарына қажетті кейбір құрылғылардың дені осы Өзен порты арқылы жеткізілген. Әрқайсысы 4 мың тонналық пропан сақтауға арналған резервуарлар да су көлігімен тасымалданыпты. Қазір алыс жақын шетелден кез келген жүкті қабылдай алады. Жол ашыла қалса кәсіпкерлер де Ресей, Қытай, Түркия мен Ираннан порт арқылы тауар алдыруға ниетті.

"Сумен тасу тиімді негізі, себебі бір баржаға мың тоннаға дейін зат салып, соны жедел түрде қысқа мерзімде, тиімді бағамен алып келуге болады. Фурамен тасысаңыз ол тиімсіз. Габаритсіз жүктер мысалы жолға сыймайды, оларды кейбір жерде өте алмайды, трубаларын кесу керек, ал сумен келсе ол жылдам келеді", - дейді Өзен портының директоры Азамат Зұлқарнаев.

Жылдан жылға тайызданып келе жатқан теңіз табанының тереңдігі қазір жарты метрге де жетпейді. Порт жұмысының тұралағанын былай қойғанда, бұл балық шаруашылығын дамытуға да үлкен кедергі. Әкімдіктегілер Каспидің Жайыққа құяр сағасын түптереңдету үшін жобалық сметалық құжат жасақтадық дейді. Ұзындығы 13,6, ені 40 шақырым болатын аумақтың түбін 3 метрге дейін қазбақ. Оған шамамен 16 млрд теңгедей қаржы кетеді екен. 

"Бұл жұмыстардың негізі президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары үкіметтің резервінен атқарылатын болады. Бұл жерде енді резервтен бөлінетін қаржыға сәйкес, конкурс жұмыстары емес, атқаратын компаниялармен келісімшарт жасақталатын болады", - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдарбек Зиноллаев.

Елдегі су көлігі тасымалының әлеуетін жақсарту үшін жауапты ведомствадағылар бұл бағытқа 64 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаймыз деп ақпарат таратты. Әзірге нақты жұмыс жоспары жоқ.

"Әрине тауарды су көлігімен тасымалдау әлдеқайда тиімді болар еді. Әсіресе, Каспий теңізінің мүмкіндігі мол. Бірақ қыруар қаржы бөлейін деп жатқан министрлік бәрін жан-жақты сараптау керек. Әйтпесе миллиардтар Астанадағы ЛРТ ақшасы сияқты желге ұшады. Ең маңыздысы Өзен түбін тереңдетуге ден қою. Онсыз жұмыс өнбейді", - дейді экономист Магбат Спанов.

Атыраудағы өзен портының директоры мемлекеттен ақша бөлінсе, серіктестік маңына көкеніс пен ет өнімдеріне арналған  қоймалар салу керек дейді. Кәсіпкерлер тапсырыстарын алғанша, тауарды сол жерде сақтаған тиімді екенін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу