Тимур Құлыбаев: Мұнай-газ және энергетика салаларындағы инвестициялық климатты жетілдіру қажет

1005

2021 жылдың 27 қаңтарында онлайн форматта 2020 жылғы жұмыс қорытындылары мен ағымдағы жылдың жоспарларына арналған "KAZENERGY" қауымдастығы Кеңесінің кезекті 27-отырысы өтті. 

Тимур Құлыбаев: Мұнай-газ және энергетика салаларындағы инвестициялық климатты жетілдіру қажет

Жыл сайынғы KAZENERGY есептік іс-шарасына Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі, Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, Парламент депутаттары, ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының өкілдері, Қауымдастық мүшелері қатысты.

"KAZENERGY" қауымдастығының Төрағасы Тимур Құлыбаев іс-шараны аша отырып, коронавирус пандемиясы, энергия ресурстарына сұраныстың төмендеуі, бағаның құбылмалылығы, өндіру деңгейінің шектелуі – осының бәрі мұнай-газ өндіруші елдер, әлемдік энергетикалық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығы алдында шешім жасауды талап етіп отырған мәселелердің бір бөлігі ғана екенін атап өтті.

Қазақстан Үкіметі ұлттық экономика мен әлеуметтік сектордың қажеттіліктеріне оңтайлы сәйкес келетін дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қабылдап, оны қарап жатыр.

"KAZENEGY" қауымдастығы Қазақстан Үкіметі, Парламент, мұнай-газ және энергетика салаларында жұмыс істейтін компаниялар арасындағы ірі диалог алаңы бола отырып, осы жұмысқа белсенді қатысады. 

Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2020 жылы мұнай-газ өндіру секторы көптеген елдерде карантин енгізу салдарынан мұнайға сұраныстың шамадан тыс азайып кеткенін, нәтижесінде әлемдік сұраныстан ұсыныстың тым көп болуы байқалғанын атап өтті. Осыған байланысты ОПЕК+ қатысушылары елдер мұнай өндіруді 23% - ға қысқарту бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар туралы шешім қабылдады. Бұл шаралар оң нәтиже берді, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі біртіндеп теңестірілді, баррель бағасы 18 доллардан 55 долларға дейін өсті.

Министр KAZENERGY қауымдастығымен бірлескен жұмысты жоғары бағалады, атап айтқанда, қауымдастық алаңындағы жан-жақты диалогтың арқасында әкімшілік рәсімдер мен фискалдық режим тұрғысынан энергетикалық сектор компанияларының қызметін қолдауға және ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтті. 

ҚР Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев өткен жылы қабылданған жаңа экологиялық Кодекс қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу бойынша сақтандыру шараларын қабылдауға ықпал ететінін атап өтті. Ағымдағы жылы жлектр энергетикасы, тау-кен өндіру өнеркәсібі, металлургия, мұнай өңдеу, химия, цемент салаларындағы ірі кәсіпорындар үшін барынша қолжетімді 7 технологияны әзірлеу жоспарлануда. Еліміздің 97 кәсіпорнына, оның ішінде 23 - энергетика секторына және 21 - мұнай-газ секторына кешенді технологиялық аудит жүргізу бойынша жұмыс жалғастырылып жатыр.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев өз баяндамасында мемлекеттік органдар мен саланың негізгі қатысушыларының тығыз өзара іс-қимылын талап ететін бірқатар мәселелерді атап өтті, оның ішінде: мұнай-газ химиясы саласын дамыту, теңіз жобаларын іске асыру үшін жаңа жағдайлар және осыған байланысты салық заңнамасын жетілдіру мәселелері. 

Отырыста сондай-ақ Қазақстандағы "Шелл" концернінің төрағасы Оливье Лазар сөз сөйледі, ол мұнай-газ саласын экономиканың негізгі салаларының бірі ретінде, кем дегенде, алдағы бірнеше онжылдықта қолдау керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, энергетика саласында фискалдық жағдайларды одан әрі жақсарту, Қазақстандағы жобалардың құнын төмендету, газ ресурстарын игеру бойынша мүмкіндік беру және әкімшілік рәсімдерді оңайлату қажет. Мұндай тәсіл Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестициялардың айтарлықтай қысқаруына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу