"Туған жерімді сағындым": Германиядан оралған зейнеткер мал ұстап, бақша салып отыр

731

Соңғы жылдары Ақтөбе облысының Құрмансай ауылына көшіп келушілер көп. 

"Туған жерімді сағындым": Германиядан оралған зейнеткер мал ұстап, бақша салып отыр Фото: Әзиз Жанұзақ

Бұл ауылдың халқы тоқсаныншы жылдардың соңында үдере көшкен. Кейбірі аудан орталығына және Ақтөбе қаласына қоныстанды. Ресей мен Еуропаға кеткендер көп болды. Неміс ұлтының өкілі Андрей Шульдайста 2001 жылы бала-шағасымен бірге Германияға қоныс аударды. Алайда, туған жеріне деген сағынышы шыдатпады. Арада он жыл өткенде, Мәртөк ауданына біржола қайтып келді. Құрмансай ауылынан үй сатып алып, оның іші-сыртын ретке келтірді. Қора салып, сиыр ұстады. Оның өнімдерін сатып, пұл қылып отыр. Көктем шығысымен, бақша салады. Ал, бала-шағасы түгелдей Еуропада қалған.

"Мен Құрмансай ауылының жанындағы Шаңды деген ауылда туып өстім. Әскерге бардым. Одан кейін ұзақ жыл механизатор болып еңбек еттім. Еңбекке берілгенім сонша, 8 жылдың ішінде бес күн ғана демалған кезім болды. Қазір зейнетке шықсам да, қарап отыра алмаймын. Менен барлығы Германиядан не үшін қайтып келгенімді сұрайды. Бұл жақта маған бәрі ыстық. Бауырларым мен қызым осы жерге жерленген. Мен туған жерден жырақта өмір сүре алмайтыныма көзім жетті", - дейді, зейнеткер.

Ауылда 500-ге жуық тұрғын бар. Дегенмен, көп ұзамай халық саны артуы мүмкін. Өйткені мұнда келуге ниеттілер көп. Қазірдің өзінде он отбасы үй сатып алып, көшіп келген. 35 жыл бойы Ақтөбе қаласында тұрған Амансұлу Мұқашова да үш жыл бұрын шаһардың шулы өмірін тастап, осында қоныстанды. Оның бұл шешімін бала-шағасы да қолдаған.

"Зейнеткерлікке шыққаннан кейін жолдасым екеуміз ақылдасып, осында келдік. Алғашында туыстарымыз мен таныстарымыз біздің бұл шешімімізге таң қалды. Бірақ, уақыт өте келе қателеспегенімізді олар да түсінді. Тіпті, өзімнің екі бауырым да осы жақтан үй қарап жатыр. 2-3 жылдан кейін ауылға газ келеді. Ауыз суымыз бар. Бұл жер мал өсіруге өте қолайлы. Біз еңбектен қашпаймыз. Жұмыс істесең, жасарасың", - дейді ол.

 

Ауыл әкімінің айтуынша, мұнда он ұлт өкілі тату ғұмыр кешуде. Округ бойынша 31 шаруа қожалығы тіркелген. Оларда 17 бос жұмыс орны бар. Әсіресе, тракторшы, сауыншы мен малшыларға сұраныс жоғары.

"Ақтөбе қаласынан келеміз деп отыр, Ақтау жақтан көшіп келгендер бар ауылымызға. Олар мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Ауылдық округ тұрғындарының 95 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Көктемде бір көшеге су тартуды жоспарлап отырмыз. Ал, көгілдір отын мәселесі, 2025-інші жылдан кейін шешілуі керек", - деді  Елдос Ғазизов.

Елді мекенде бос үйлер әлі де баршылық. Сұраныс болғасын, ол баспаналардың бағасы да өскен. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын  жағдайы орташа үйлердің құны  200-300 мың теңге болса, қазір 500 мыңнан басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу