Тұғыл халқы тозған аурухананы жөндеп беруді сұрайды

370

Жарты ғасыр бұрын салынған ғимарат жөндеу көрмеген.

Тұғыл халқы тозған аурухананы жөндеп беруді сұрайды Фото: Inbusiness.kz

Шығыс Қазақстан облысы Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты соңғы 20 жылда күрделі жөндеуден өтпеген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұрын ондаған мың адам тұрғанда үлкен аурухана болған екен. Нысан кейін мәртебесінен айырылып қана қоймай, тозып кеткен. Тұрғындар ғимарат іші суық деп шағым жасады. Науқастар дәрігерлер жетіспейді десе, ауыл тұрғыны жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады.

Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылындағы бұл ғимарат өткен ғасырдың 76-жылдары пайдалануға берілген. Мұндағы халықтың айтуынша, содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, көп көңіл бөлінбеген. Әбден ескірген нысанның іші де суық дейді емделушілер.

"Күрделі жөндеу өткізіп, бізге жөндеп берсе. Күндіз ғана емес, түнде де мұнда емделсек. Дәрігерлердің санын көбейтсе, бар дәрігерлер зейнетке шыққан. Кетіп қалды. Өйткені, олардың бәріне жағдай жасаған жоқ", - дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Әлмира Құрманбекқызы.

Салалық дәрігерлері болмағандықтан ауыл тұрғындары аудан орталығына немесе көрші Зайсан қаласындағы жекеменшік емханаға барып емделуге мәжбүр екен. Оны әркім өз қалтасынан төлеу керек. Оған шамамыз келмейді дегендер де бар. Ал сол ауылда тұратын дәрігер Самал Смағұлова жұмысқа кіре алмай жүргенін айтты.

"Тұғыл ауылына, ауруханасына мамандығым бойынша жұмысқа кіре алмай жүрмін. Мен өтініш жаздым. Бірақ мен өтініш жазған жоқ деп отыр", - дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Самал Смағұлова.

Ғимаратқа былтыр техникалық байқау жасалып, жобалық-сметалық құжаты әзірленіпті. Ол құжат қазір мемлекеттік сараптамаға жіберілген. 

"Бұйырса 45 күн қаралады. Биыл ол жер күрделі жөндеуден өтеді. Болашақта халық санының асуы, енді көбейіп жататын болса ол жерде 5 мыңнан асатын болса, ПМСП орталық деген болады. Басқа кабинеттер ашуға, жағдай жасауға болады", - дейді Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков.

Яғни, халық саны 5 мыңнан асса тиісті министрліктің қаулысына сәйкес, Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын ашуға болады. Сонда ғана салалық дәрігерлердің келуіне мүмкіндік жасалмақ. Ал әзірше, ауылдағы 4 мыңға жуық адамға штат бойынша бекітілген 3 дәрігер мен амбулаториядағы 40-тан астам қызметкер көмек көрсете бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу