Олар Маңғыстауда тіркеуге тұра алмайтындарына наразы. Егер өз еріктерімен еліміздің солтүстік өңіріне көшпесе, депортация жасалуы мүмкін.
Қандастарға Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына көшу ұсынылған. Бірақ күштеп қоныс аударту шартымен келіспеген қандастар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратына жиналып, Маңғыстау облысында тұрғылықты тұрып, жұмыс істеу мүмкіндігін беруді сұрады.
"Бізді Маңғыстау облысына туыстарымыз шақырды. Ақмола, Павлодар облыстарында ешкіміміз жоқ. Мұнда балаларының қолында өмір сүруге келген қарт адамдар бар. Түрлі жағдайлар бар. Қызы науқас әкесіне қарау үшін осында көшіп келген еді. Түрікменстанда бізде бәрі жақсы болды. Жұмыс, мектеппен қамтылдық. Қазақтар аз болды, сондықтан да тарихи отанынымызға оралуды шештік. Мемлекеттен бізге ештеңе керек емес. Бізге 214 мың теңге көлемінде бір реттік төлем түрінде квота беріледі. Бірақ біз одан бас тартуға дайынбыз. Бастысы бізге Маңғыстауда қалуға мүмкіндік берілсе екен. Туыстарымызбен қайта қауышсақ та жеткілікті", – дейді жиналған бір топ қандас.
Ал 93 жастағы Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Палфан Дабылова 20 күн бұрын Маңғыстауға қоныс аударған. Оған отбасымен Ақмола облысына көшу қажеттігі айтылды. Балалары, келіндері, барлық туысы Маңғыстауда тұрады. Ендігі өмірін танымайтын орта, шалғай облыста қалай жалғастырамын, құсадан өлемін ғой, – деп алаңдайды кейуана.
Қоныс аударушылар Маңғыстау аумағына тіркеуге қойылмайтындықтан балаларын мектепке де бере алмай отыр. Қандастардың айтуынша, олар Қазақстанға ертерек көшуді жоспарлаған. Пандемияға байланысты Түрікменстанда тағы екі жыл тұрып қалуға мәжбүр болды.
Халықты көшіру бағдарламасы түбегейлі қайта қаралып, тек Маңғыстау облысына ғана емес, басқа өңірлерге де қоныстандыру қолға алынғаннан бері қандастарға қатысты жағдай шиеленісе түсті. Түрікменстаннан келген қазақтар біраз қиындыққа тап болды. Түрікменстандағы Қазақстан консулдығына жиналған қазақтар Маңғыстауға қоныстануды сұрағанымен, тұщымды жауап берілмеген.
"Консулдың өзі бізді шатастырды. Бастапқыда бізге Маңғыстауда қалуға болмайды деп айтса, біз мүлікімізді сатпай және Түрікменстанда тұрып, жұмыс істеуді жалғастырар едік. Бізді ол жақтан ешкім қуып шығарған жоқ. Отанымызға ораламыз деп ниет білдірген өзіміз. Енді жетімнің күйін кешіп отырмыз", – дейді олар.
Қандастарға бүгін кешке пойызбен солтүстік өңірге тегін жеткізу ұсынылды. Бірақ олар теміржолға барғысы жоқ. Биліктен қолдау күтіп отыр.
Тасым Жаңай