Туристер үшін ең қауіпті 10 ел

3543

Дүниежүзілік экономикалық форумның  (WEF)  сарапшылары The Travel and Tourism Competitiveness Report 2019 халықаралық рейтингісінің аясында туристер үшін ең қауіпті елдерді атады. 

Туристер үшін ең қауіпті 10 ел

Қауіпсіздік бойынша Қазақстан 63 орында, Моңғолия және Черногория елдерінің арасында тұр.

The Travel and Tourism Competitiveness Report 2019 рейтінгі 140 елді бірнеше белгі бойынша бағалаған. Критерийлердің қатарында полицияның сенімділігі, лаңкестік шабуылдардың саны, адам өлтіру фактілері, қылмыс пен зорлық-зомбылық деңгейі бар.

Төменде туристерге қауіпті 10 елді назарларыңызға ұсынамыз. Тізімді Орталық Америкада орналасқан Сальвадор мемлекеті бастап тұр.

Сальвадор

Бұл Орталық Америкадағы ауданы ең кішкентай және халық тығыз орналасқан ел. Сонымен қатар Кәріб теңізіне шығуға мүмкіндігі жоқ жалғыз мемлекет. Сальвадорда қылмыс деңгейі билікті алаңдатуда. Көшедегі қылмыстық топтар, әсіресе Mara Salvatrucha жергілікті тұрғындардың берекетін қашыруда.

Нигерия

Ел бюджеті туризмге тәуелді. Аумағында тропикалық ормандар, саванналар, сарқырамалар мен тарихи ескерткіштер көп.

Нигерияда шетелдіктерді ұрлау жиі болатын құбылыс. Мұндай жағдайлар әсіресе елдің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында белең алған. Бұл жерлерде шетелдік корпорациялардың нигериялық көмірсутекті өндіруіне қарсы көтерілісшілердің тобы әрекет етеді.

Йемен

Save the Children ұйымының дерегі бойынша, 2015 және 2018 жылдары аралығында Йеменде жасы 5-ке жетпеген 85 мың бала аштықтан қырылған. Бұған елдегі азаматтық соғысы себеп. 2018 жылы Ходейда қаласы мен оның маңындағы соғыстан 150 мыңға жуық бала зардап шеккен.

Венесуэла

Соңғы жылдары қылмыс деңгейі көтеріліп кеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Венесуэла Латын Америкасындағы бірқатар мемлекетті артта қалдырып отыр. 2015 жылдан бастап жергілікті билік қылмыс бойынша статистиканы жариялауды тоқтатқан.

Гондурас

Гондураста мексикалық есірткі картельдері әрекет етеді. Олар Колумбиядан АҚШ-қа тасымалданатын кокаинді бақылауында ұстап отыр. Бұның салдарынан елдегі қылмыс өршіп тұр.

Филиппин елі

Ең танымал туристік шипажайлар Боракай, Себу және Палаван аралдарында орналасқан. Онда жағажай демалысы, круиз, дайвинг пен серфинг дамыған. Дегенмен елдегі саяси тұрақсыздық және мұсылмандар мен христиандар арасындағы шиеленіс туризмге кесірін тигізіп отыр. 

Пәкістан

Reuters агенттігінің дерегі бойынша, Пәкістан 2018 жылы жарияланған әйелдер үшін қауіпті елдер тізімінде алтыншы орында. Бұл мемлекетте әйелдерді зорлау мен адам саудасы кең етек жайған.

Колумбия

Елдегі байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздік алшақ. Сәйкесінше қылмыс деңгейі де жоғары.

ОАР

Бұрын елде орнаған апартеид режимі мен отаршылдық қоғамның бөлінуіне әкеліп соққан. Халықтың 15 пайызы бай саналса, 50 пайызға жуығының тұрмысы өте нашар. Мұның кесірінен әлеуметтік ахуал төмендеп, кедей аудандардың саны көбейген. 

Ямайка

Ямайка табиғаты мен мәдениеті ерекше экзотикалық ел. Бірақ онда қылмыс пен есірткі саудасы қызып тұр. Елдегі жұмыссыздық кедейлерді ұрлық жасауға итермелеуде.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу