Түркістандық мақташылар өсірген өнімін сата алмай отыр

590

Депутаттар облыс диқандарының жанайқайын жеткізді.  

Түркістандық мақташылар өсірген өнімін сата алмай отыр Фото: jollydecor.ru

Мәжіліс депутаттары Қайнар Абасов, Сырым Ертаев, Фахриддин Қаратаев, Ғани Ташқараев, Қазыбек Иса Түркістан облысындағы мақташылардың жағдайына қатысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған болатын, деп жазады inbusiness.kz.

"Мақта өндірісі – шаруалардың негізгі табыс көзі. Сондықтан қазіргі жағдай елдегі әлеуметтік шиеленісті тудырып отыр. Шаруалар несиелер және басқа қарыздары бойынша есептесе алмай отыр. Сонымен қатар күзгі агротехникалық шараларды өткізу, қысқа отын мен малына азық дайындау қажет", - деп жазылған депутаттық сауалда.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өндірісіне тікелей байланысты дейді.

Олар жоғары өнім алуға кедергі келтіретін факторлар ретінде қаражаттың болмауын, шаруалардың агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмауын және сапалы тұқымдардың тапшылығын айтады. Орташа өнімділік пен мақта бағасының төмендігі диқандарды күйзелтіп отыр дейді олар.

"Бұл жағдайға алып келіп отырған негізгі себеп, өндірілген өнімнің басым көпшілігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады, ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының өсуіне байланысты, мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен, мақта талшығына сұраныс күрт төмендеді. Бұл жай біздің экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр. Тағы бір ерекше атап өтетін жағдай, мақта егетін аймақтағы бірде бір тоқыма фабрикасының жоқ екендігі. Оның болуы қазіргі жағдайға оң әсер ететіні сөзсіз еді. Ал көрші мемлекетте әр облысында бірнеше мақта тоқыма фабрикалары бар, сондықтан ол жерде мақтаның бағасымен және оны сатумен проблема жоқ", - делінген депутаттық сауалда.

Осыған байланысты халық қалаулылары шұғыл шаралар қабылдауды сұрап отыр. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алу бойынша тұрақтандыру қорын құруды тапсыруды сұрайды. Сонымен қатар аграрлық кредиттік корпорацияға шаруалар өнімді сатқанға дейін несиелер бойынша қайтару мерзімін ұзарту мәселесін шешу, 10 қарашадан бастап көктемгі дала жұмыстарына 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу туралы да айтылады.

Одан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өндірілген өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тоқыма фабрикасын салу мәселесін қарастыруды да сұрайды.

Сонымен қатар отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеп, оны енгізу қажет дейді.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі жоғары сапалы мақта сорттарын сатып алу мәселесін қарастыру және өңдірілген сапалы өнімдерді сұранысы мол Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өткізу жолдарын қарастыру керек", - деп жазылған депутаттық сауалда.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу