Түркияның оңтүстігі Адана провинциясындағы Аладаг қаласында жатақхана отқа оранды. Салдарынан 12 адам - 11 оқушы мен 1 қызметкер көз жұмды, деп хабарлайды дереккөзге сілтеме жасаған "ҚазАқпарат" ХАА.
Оқиға 29 қараша күні мектеп-интернаттың оқушылары тұратын үш қабатты ғимаратта орын алған. Қаза тапқан балалар 10-16 жас аралығында. Сондай-ақ зардап шеккен 22 адам ауруханаға жатқызылды.
Адана провинциясының губернаторы Махмут Демирташтың айтуынша, адамдар өрттен терезе арқылы қашқан, нәтижесінде кейбірі шынымен жарақаттанса, кейбірі түтінге уланған. Түркия парламентіндегі Адана провинциясының өкілі Омер Челек өрт электр желілерінен шыққан ақау салдарынан орын алуы мүмкін деп хабарлады. Ал Демирташ электресептегіш құралы жанып, одан шыққан от ғимаратқа тарағанын айтты.
Білім министрлігінің мәліметі бойынша, жатақхана 54 оқушыға арналған. Өрт шыққан кезде ғимарат ішінде 34 оқушы болды.