Үкімет басшысы: Қоқысты таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды

352

Қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселесі әлі шешімін таппай келеді.  

Үкімет басшысы: Қоқысты таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселесі сол күйі толық шешімін тапқан жоқ. Көптеген өңірде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болып жатыр. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді", - деді Үкімет отырысы.

Сөзінше, бұл өңірлердегі экологиялық жағдайға айтарлықтай нұқсан келтіреді. 

"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал, бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді-мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді. Сонымен қатар тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр", - деп атап өтті ол.

Олжас Бектеновтің айтуынша, министрлік пен өңірлер қалдықтарды жинау, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың тиісті механизмін әзірлеу жұмысын созбалаңға салып жіберді.

"Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал, қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында "Радуга" компаниясы полиэтилен мен қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, халық тұтынатын әр түрлі тауарлар өндіреді. Шымкентте "Еврокристалл" компаниясы шыныны қайта өңдеп, ыдыс-аяқ шығарады. Алматы облысында "KZ recycling" компаниясы макулатурадан қағаз өнімдерін шығарады. Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда", - деді Премьр-Министр.

Атырау, Ақтөбе және Абай облыстарында қалдықтарды сұрыптау желісін іске қоса алмай келеді.

Үкімет басшысы әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес екенін, Қазақтан да  замана көшінен қалмауға тиістігін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу