ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесі бірқатар құжат бойынша уағдаласты

927

 ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесі бірқатар құжат бойынша уағдаласты

Алматыда ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері ұйымның Қазақстанның төрағалығымен өтетін алдағы саммит мәселелерін талқылады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараға ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің – Армения Республикасынан Сыртқы істер министрі, Беларусь сыртқы істер министрінің орынбасары,Қазақстан СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов, Қырғыз сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы мен, Ресейдің сыртқы істер министрі, Тәжікстан сыртқы істер министрі, сондай-ақ ҰҚШҰ бас хатшысы Юрий Хачатуров қатысты.

Отырыс барысында Сириядағы дағдарыс тек саяси және дипломатиялық шаралар арқылы шешілуі мүмкін екендігі туралы жалпы ұстаным расталды. Осыған байланысты Сириядағы жағдайды тұрақтандырудағы Астана процесінің рөлі атап өтілді.

Тараптар АҚШ пен КХДР басшылары арасындағы алдағы келіссөздер Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы, қарусыздандыру және әлемдегі жаппай жою қаруын таратпау мәселелерін шешуде маңызды қадам болатынына үміт артады.

Сонымен қатар, күн тәртібіне ҰҚШҰ мен халықаралық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту енгізілген. Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуымен сәйкес келді. Осылайша, Қазақстан аталған екі ұйым арасындағы күн тәртібін жақындастыру бойынша жұмыс жасайды.

Қазақстан ҰҚШҰ, ТМД, Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар және құрылымдармен ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет деп санайды.

ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің бүгінгі отырыс қатысушыларының көпшілігі Алматыға ШЫҰ саммиті өткен Циндао қаласынан келгендігін атап өту қажет.

Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ұйымды институционалдық тұрғыда нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы мақұлданды.

Кездесу барысында тараптар орта және кіші қашықтықты зымырандарды жою туралы шарттың күшіне енуінің 30 жылдығына арналған бірлескен мәлімдемені қабылдады.

"Қазақстан осы тарихи келісімнің қатысушысы ретінде аталған құжатқа деген толық айнымастығын растайды және барлық тараптарды оны орындауға және сақтауға шақырады", - деді Қайрат Әбдірахманов.

Жалпы, ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесі бірқатар құжат бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Олардың ең маңыздылары биыл күзде Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтетін ҰҚШҰ саммитінде мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу