"Ұлт ұстазы" атағын 10 мың теңгеге сатып алады": Аманжол Әлтаев медальдар қаншадан сатылып жүргенін айтты

1388

Мән-мағынасы жоқ орден-медальдар көбейіп кеткен.

"Ұлт ұстазы" атағын 10 мың теңгеге сатып алады": Аманжол Әлтаев медальдар қаншадан сатылып жүргенін айтты Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Геральдикалық зерттеу орталығының атауын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Рәміздеріміз бен мемлекеттік наградалардың атауын, элементтерін қайталайтын түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шындық. Мұндай үрдіс ешкімге абырой әпермейді, керісінше адамды даңғойлыққа, жеңіл атаққұмарлыққа итермелейді. Арзан атаққа алданғандар мен жеңіл жолмен пайда тапқыш, атақ сатқыштар көбейіп барады. Тіпті жеке адамдардың тойларында да жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды жыртыс таратқандай үлестіріп жататын келеңсіз көріністерге көңілің құлазиды", - деді депутат. 

Сөзінше, адамдар 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медаліне, ал 100 мың теңгеге "Қазақстанның құрметті азаматы" атағына ие болып жүр. 

"Сан ғасырлық елдік тарихымызда "Ұлт ұстазы" деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданатын едік, қазір "Ұлт ұстазы" деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академигі бола саласыз", - деп жалғастырды ол.

Депутат мемлекеттік рәміздерді ретсіз қолданып, жалған атақтар сататындардың әрекетіне құқықтық тыйым қажеттігін баса айтты.

"Аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн. Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгерту мәселесі қарастырылсын. Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет. Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс. Мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталалайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек", - деді мәжілісмен өзінің депутаттық сауалында.

Еске салайық, осыған дейін депутат Елтаңбаны өзгертуге қарсы екенін мәлімдеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу