"Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында бас банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов Ұлттық банктің "АҚШ долларымен номинирленген, капиталдандырылуы жоғары инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар" мандаты бойынша шетелдік басқарушы компанияларды тарту жөніндегі жұмысты жүргізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
"Қазақстан Ұлттық банкінің БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін бермейтінін, Ұлттық банктің шартты кез-келген сәтте бұзу құқығымен инвестициялық шектеулер шеңберінде БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін басқару жөніндегі өкілеттіктерді шетелдік басқарушы компанияларға беретінін атап өткен жөн. Осылайша, БЖЗҚ-ның сыртқы сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері кез келген жағдайда Ұлттық банктің кастодиан-банктегі шоттарында қалады", - деп түсіндірді Жанат Құрманов.
Ол сондай-ақ 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша валюталық активтердің үлесіне жалпы портфельдің 30,9%-ы тиесілі, оның 30,5%-ын АҚШ доллары, 0,3%-ын Ресей рублі және 0,1%-ын басқа да валюталар құрайтынын түсіндірді.
"Қарастырылып отырған күнгі жағдай бойынша инвестициялардың негізгі үлесі Қазақстан Республикасы эмитенттерінің қаржы құралдарына тиесілі. Олардың портфельдегі үлесі – 77,4%. АҚШ эмитенттерінің үлесі – 7,2%, Ресей Федерациясының үлесі – 3,4%. 12,0% мөлшеріндегі қалған бөлігі халықаралық қаржы ұйымдарының және Франция, Нидерланд, Сингапур, Индонезия, Мексика, Перу және басқа да шет мемлекеттер эмитенттерінің қаржы құралдарына тиесілі", - деді Жанат Құрманов.
Ол қаржы құралдарының түрлері бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі 86,7%-ға облигациялардан,9,1%-ға депозиттерден, 2,0%-ға акциялардан, 1,3%-ға ақшадан және РЕПО-дан, сондай-ақ 0,9%-ға сыртқы басқарудағы активтерден тұратынын толықтырды.
"2016 жылдан бері Қазақстан Ұлттық банкі БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру, оның ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту және оны30% деңгейінде ұстап тұру есебінен белсенді жұмыс жүргізуде. 2016 жылғы 1 қаңтар – 2018 жылғы 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде зейнетақы активтерінің валюталық үлесі портфельдің 17%-дан 31%-на дейін ұлғайтылды", - деді ол.
Жанат Құрманов түсіндіргендей, валюталық позицияның болуы елдер бойынша инвестициялар географиясын және сатып алынатын қаржы құралдарының аясын кеңейтуге, инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық валюта әлсіреген кезеңдерде салымшылардың зейнетақы активтерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.