Ұлттық пантеонда рулық зират құруға рұқсат жоқ

887

Тізімге енген адамдардың жерлеуін әкімдіктер ұйымдастырады.

Ұлттық пантеонда рулық зират құруға рұқсат жоқ Фото: informburo.kz

Кеше ҚР Үкіметінің ресми сайтында Ұлттық пантеон туралы ережені бекiту туралы №208 Қаулысы жарияланды. Құжатта Ұлттық пантеонға жерленетін адамдардың тізімі мен жерлеу ережесі жазылған.

Сонымен ол тізім мынадай:
1) Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасыларының мүшелері;  
2) Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшылары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағалары; 
 3) министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;  
4) "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар;  
5) "Алтын қыран", "Отан", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев", үш дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордендерімен марапатталған азаматтар;  
6) "Кеңес Одағының Батыры", "Социалистік Еңбек Ері" атақтарына ие болған азаматтар; 
7) "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған азаматтар;  
8) Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;  
9) Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың кейінірек қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады. 

"Жерлеуді ұйымдастыруды қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұбайының, жақын туысқандарының не заңды өкілінің бастамасымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді", – деп жазылған ережеде. 

Яғни, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті әкімдіктері Пантеонда мәйітті жерлеу үшін мынадай іс-шараларды ұйымдастыруы қажет:
1) жерлеуге арналған құжаттарды ресімдеу; 
2) қайтыс болған (қаза тапқан) адамды жерлеу үшін пайдаланылатын қажетті атрибуттарды ұсыну;  
3) қайтыс болған (қаза тапқан) адамның мәйітін Пантеонға тасымалдау;  
4) жерлеу.

"Діни ғұрыптар мен рәсімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Пантеонда құлпытас құрылыстарын орнату және безендіру бірыңғай нысанда орындалады. Өз еркімен жерлеу, жанұялық (рулық) зират құру және қайта жерлеу Пантеонда жүргізілмейді", – деп жазылған құжатта.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу