Ұлттық парктерде экологиялық туризм қолға алынады

2307

Қазақстандағы туризмді дамытудың тың әдістерін әзірлеу жоспарланған.

Ұлттық парктерде экологиялық туризм қолға алынады

Еліміздің мәдениет және спорт министрі Ақтоты  Райымқұлова мен экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен үш бірдей келісім жасалды. Атап айтқанда, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы "Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" мемлекеттік мекемесімен бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойды. Дәл сондай келісімдер "Іле-Алатау  мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" және "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" республикалық мемлекеттік мекемелерімен де жасалды.

Аталған келісімдер аясында Қазақстандағы туризмді дамытудың тың әдістерін әзірлеу жоспарланған. Яғни, туристік әлеуетті арттыруға бағытталған оңтайлы инфрақұрылым жобалары пысықталатын болады. Негізгі мақсат ­– ұлттық парктердегі бірегей экологиялық жүйені сақтай отырып, туристердің белсенді демалысын ұйымдастыру. Айта кетерлігі, бұл іске білікті халықаралық сарапшылар және экологиялық туризм саласындағы ұйымдар тартылады. Сондай-ақ, инвестиция тарту үшін нақты аумақтар белгіленетін болады. Қанатқақты жобалар сәтімен іске асқан жағдайда, бұл тәжірибе міндетті түрде еліміздегі барлық ұлттық парктерге енгізілетін болады.

Осылайша, экологиялық туризмді дамытудың жаңа үлгісін енгізу арқылы 2025 жылға дейін туристердің санын 1,3 млн-нан 3,4 млн-ға жеткізу көзделіп отыр. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында 20 мың жаңа жұмыс орнын құру және алдағы 5-7 жылда 100 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту жоспарлануда.

Айта кетсек, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қорықтар кешендері, нысандар мен табиғи ресурстар  қорын сақтауды қамтамасыз ететін 13 Ұлттық парк жұмыс істейді.

Статистикалық мәлімет бойынша, ұлттық парктерде жыл сайын демалатын туристер саны шамамен 8% құрайды. 2018 жылғы мәлімет бойынша 1,3 миллион халық демалысын ұлттық парктерде өткізген.  Бүгінде аталған жерлердегі инфрақұрылымның әлсіз дамуы ұлттық парктердегі экологиялық туризмнің дамуына қол байлау болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу