Ұлттық патент пен ЕАЭО куәлігінің айырмашылығы неде?

871

ЕАЭО аясында тауар мен қызмет көрсету белгілерін, тауар шығарылған жердің атауын тіркеу біріздендіріледі.

Ұлттық патент пен ЕАЭО куәлігінің айырмашылығы неде?

Мәжіліс депутаттары "Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы" Заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Құжатты таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, тиісті өтінімдерді қарау кезінде ұлттық патенттік ведомстволардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі көзделген.

"Осы заң жобасының мақсаты – тауар таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу мен қорғаудың өңірлік жүйесін құру. Бұл жүйенің артықшылығы бір қорғау құжатын бес мемлекеттің аумағында бір уақытта алу мүмкіндігі болып отыр. Өнеркәсіптік меншік объектілеріне қатысты тиісті қорғауды алу үшін ең маңызды факторлардың бірі берілген өтінімнің басымдық күні болып табылады. Бұл жүйе бір өтінім беру арқылы бес мемлекетте бір басымдық күнін белгілеуге мүмкіндік береді", - деді министр.

Депутаттар бұған дейін ұлттық патент алып, сол құжат негізінде сауда жасап жүрген өндірушілер ЕАЭО талабы бойынша екінші рет шығындалуға міндетті ме деген сауал қойды. Әділет министрі бұл заң жобасы ешбір өндірушінің мойнына міндет артпайтынын ескертті. Алайда заң қабылданғаннан кейін Қазақстанның ұлттық патент құжаттары ЕАЭО аясында жарамсыз болып қалатын көрінеді.

"Ұлттық куәліктердің иелері одақтың тауар белгісін тіркеуге өтініші жасауға міндетті емес. Бірақ олардың құқықтары тек куәлік беруші мемлекетте ғана қолданылады. Ал бес мемлекеттің де нарығына қызығушылық танытқан өндірушілер одақтың куәлікке өтініш беретін болады", - деді Марат Бекетаев.

Министр ЕАЭО аясында тауар мен қызметті тіркеу, оның шығарылған жеру көрсету процедураларының болжалды бағасын да атады.

"Тараптар мөлшерлеме ЕЭК кеңесінің шешімі бойынша бекітіледі деп келіскен. Әр елде ол ұлттық валютамен төленеді. Қазақстанда тіркеу мен сараптамадан өтудің барлық сатылары үшін жалпы мөлшерлеме шамамен 500 мың теңге болады деп отырмыз. Процедура бойынша өтінім беруші 500 мың теңге төлейді. Егер сараптаманың белгілі бір кезеңінде тауар жарамсыз болып, бас тартылса, ақшаның қалған бөлігі оған қайтарылады", - деді ведомство басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу