Үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешіледі?

475

Ақтөбе облысында "Жайлы мектеп" жобасы аясында 18 білім беру мекемесі салынады. 

Үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан шешіледі? Фото: Әзиз Жанұзақ

Жобаның жалпы құны 90 миллиард теңге. 14 мектеп жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қалған төртеуінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Қазір облыста үш ауысымда білім беретін үш мектеп бар. Тағы төртеуі апатты деп танылған. Сондықтан, білім саласына жауаптылар жұмысты барынша жеделдетуге мүдделі. 

"Биыл салынатын 18 мектептің он үші Ақтөбе қаласында, қалғаны аудандарда. "Жайлы мектеп" жобасының басты мақсаты – апатты жағдайда тұрған және үш ауысымда білім беретін мектептерді жою. Темір, Шалқар, Мәртөк аудандарында құрылыс жұмыстары басталды. Ұлттық қордан 90 миллиард теңге бөлінді. 300, 600 және 900 орындық шағын мектептер қыркүйек айына дейін қолданысқа беріледі. Ал, 2000 орындық мектептер жыл аяғында тапсырылады", - дейді Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев. 

Орын тапшылығына байланысты мәселе негізінен, облыс орталығында. Арнайы әзірленген "Жол картасы" шеңберінде №14, 12, 23 мектептерге жапсарлас ғимараттар салынды. Өйткені, жаңа аумақтан бөлек мектеп салудың қиындығы көп. Әрі қала орталығында бос жер жоқ. Жапсарлас құрылыс салу жұмысы биыл да жалғасады. 

"Қазіргі таңда 44 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде жапсарлас құрылыстардан бөлек мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да бар. 2025 жылға дейін мәселені түбегейлі шешеміз деген ойдамыз", - деді Жарасбаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу