Утилизациялық алымның мөлшерін төмендету жұмыс тобында қаралады

1234

Қазақстанда қалдықтарды өңдеу көрсеткіші – 21%. 

Утилизациялық алымның мөлшерін төмендету жұмыс тобында қаралады

Елдегі утилизациялық алымның мөлшерін төмендету мәселесі ведомствоаралық жұмыс тобында қаралады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің қатысуымен өткен отырыста белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін елордада "ӨКМ операторы" компаниясының жұмысын тоқтату, оның функцияларын "Жасыл даму" АҚ-ға беру бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Серікқали Брекешевтің пікірінше, елде ӨКМ қағидатын енгізу қалдықтармен жұмыс істеу саласында проблемалық мәселелерді шешуге оң әсерін тигізген.

"Бүгінде біз қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 21%-ға дейін артқанын (2021 жыл) көріп отырмыз (2016 жылғы көрсеткіш – 2,6%). Осы кезеңде 264 мың тонна қаптама қалдықтары, 310 мың тонна автомобиль бөлшектерінің қалдықтары жиналып, кәдеге жаратылды", – деді министр.

Ведомство басшысы ауылшаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) берілетін сома, әрі істен шыққан көліктерді тапсырғаны үшін өтемақы төлемдері кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарау арқылы түзетілетінін атап өтті.

Сонымен қатар алғашқы отырыста утилизациялық алымның мөлшерлемелерін қайта қарауды ведомствоаралық жұмыс тобы жүргізетіні, оның құрамына қоғам өкілдері де кіретіні белгілі болды.

"Ставкалар бойынша биыл ақпанның соңына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің "Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер енгізіледі.

ӨКМ тетігінің ашықтығын жүзеге асыру мақсатында мүдделі тараптармен бірлесіп, ӨКМ Операторының қызметін дамыту стратегиясы және инвестициялық саясат, қолданыстағы рәсімдерді оңайлату бойынша қолданыстағы талаптар қайта қаралады", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар бүгінде "Жасыл даму" АҚ екінші деңгейлі банктерде шоттар ашып, төлем жүйелеріне өзгерістер енгізіп жатыр.

Биыл 24 қаңтардан бастап "Жасыл даму" кәдеге жарату төлемдерін қабылдау бойынша жұмыстарды жандандырады.

"Ауылшаруашылығы техникасына бұрын берілген жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) жарамды, әрі келесі аптадан бастап "Жасыл даму" бұрынғы ӨКМ Операторының сайты арқылы істен шыққан көліктерді жеткізуге өтінімдерді қабылдай бастайды. Ескі көліктерді қабылдау пункттері де қайта ашылады", – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Үкіметтің шешіміне сәйкес "ӨКМ Операторы" ЖШС жарғылық капиталына қатысудың 100% үлесі мемлекет меншігіне берілген болатын. Енді компанияны "Жасыл даму" АҚ басқарады. Ол 2012 жылы құрылған.

"Жасыл даму" – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйым, мемлекеттің қатысу үлесі – 100%. Акционерлік қоғам құрамында жеке және заңды тұлғалар жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу