Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин өңірлерге су тасқыны маусымына дайындықты бастауды тапсырды, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
"Қысқы кезең аяқталғаннан кейін су тасқыны маусымы басталады, осыған байланысты қазірдің өзінде өңірлерді дайындау бойынша тиімді шаралар қабылдау қажет", - деді министр.
Уәкілетті органдар мен әкімдіктердің жоспарланған іс-шараларды іске асыруын қамтамасыз ету елдің 250-ге жуық су тасқыны қаупі бар елдімекенді су басудан қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Ведомство басшысы елдімекендерді инженерлік қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігіне де тоқталды.
Министр Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусізованың баяндамасын тыңдай отырып, әкімдікке Ақтөбедегі Сазды, Жіңішке және Тамды өзендерін бұталармен, ағаштармен, қамыспен толып кетуден уақтылы тазарту қажеттігін атап өтті. Бұл көктемде Ақтөбе қаласының маңындағы тұрғын және саяжай үйлерін су басуға себеп болды.
Ақпаратқа сәйкес, Юрий Ильин су тасқыны кезінде гидротехникалық құрылыстардың жағдайы мен жұмыс режимі ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Мысалы, су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірқатар облыстардағы 16 авариялық республикалық су қоймаларын қайта жаңарту жөніндегі іс-шараларды енгізді.
Сонымен қатар, министр уәкілетті ведомствоға назардан тыс қалған коммуналдық және жеке гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.
Юрий Ильиннің сөзінше, барлық айтылған мәселелер бойынша жан-жақты шаралар қабылдау қажет.