Зайсандағы суармалы алқаптарға су жетпейді

278

Шығыстағы Зайсан ауданының шаруалары иелігіндегі жердің 30-40 пайызын ғана игеріп отыр.

Зайсандағы суармалы алқаптарға су жетпейді Фото: gazetaingush.ru

Өйткені тіршілік нәрі тапшы. Салдарынан суармалы егіс алқаптары қурап жатыр. Жерді толық пайдалана алмай отырған шаруалардың табысы төмен. Шаш етектен шығынға бататындары да бар. Су мәселесін шешу үшін 113 шақырым каналды жөндеу қажет. Ал оған жергілікті қазынада қаражат жоқ. 

Зайсан ауданындағы каналадар өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Қазір олардың бәрі істен шығып, тозып, қирап жатыр. Жаз келсе болды несібесін жерден терген диқандар қиналады. Әсіресе, мезгіліне 3-4 мәрте суарылатын алқаптағылар үшін өте қиын.

"Үйдене су қоймасы жөнделгенмен мына үлкен мәселе мына ішкі латоктарды жөндемесе оның пайдасы аздау болады. Міне ар жағында жыра тұр. Судың бәрі жыраға кетіп қалады. Егін судың 70-80 пайызы жерге сіңіп кетеді", - дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Марат Мақыранов.

Мәселен, Қарабұлақ ауылдық округінде 130-ға жуық шаруа қожалық бар. Тіршілік нәрінің тапшы болуына байланысты олар небәрі үш мың гектар жерді ғана игеріп отыр. Аудан билігі темір бетонды науаларды қалпына келтіру үшін шамамен 86 миллиард теңге керек дейді. Ал оны пластик құбырмен ауыстырып, қайта салса 6 миллиардтан астам қаражат қажет екен. 

"Енді бұған аудандық бюджеттің шамасы келмейді. Сол себепті кезең-кезеңімен қаржы өте көп қажет етеді. Сондықтан Қарабұлақ, Кеңсай, Зайсан ауылдық округтерінің де егістік жерлерін жөндеуді үш кезеңге не, төрт кезеңге бөліп Қарабұлақ ауылдық округінен бастап жөндеуге біз ұсынып отырмыз", - деді Зайсан ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сабыр Әндірбаев.

Аудандағы егіс алқаптарына Кендірлік және Үйдене суландыру жүйелері арылы су жіберіледі. Үйдене су қоймасы да үрей туғызып тұр. Ескіргені былай тұрсын, алда-жалда апатты жағдай бола қалса артық суды ағызып  жіберетін мүмкіндік те қарастырылмаған. Ондағылар оны жөндеу үшін  2 млрд 300 миллион теңге сұрап отыр.

"2018 жылдан бері аудан әкімінің бұйрығымен апатты жағдайда. Қазіргі уақытта Үйдене су қоймасына 46 млн текше метр су жинауға рұқсат берілген. Қазіргі жағдайда сол көлемді ұстауға біз күнделікті кезекшілікпен қарап отырмыз", - дейді "Үйдене су" қоймасының директоры Бақытжан Наққазин.

Жергілікті жердегілердің ұсынысы әзірге қолдау таппады. 113 шақырым каналды жөндеуге қажетті жобаның тек сметалық құжатын жасау үшін миллиардтаған қаржы керек. Айта кетейік, бұл өлке тары өсірумен танылған. Өнімін елімізден бөлек, Қытайға экспорттап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу