Заңсыз салынған үйдің 43 үлескері далада қалуы мүмкін

224

Қарағандыда қырықтан астам үлескер үйсіз қалуы мүмкін.

Заңсыз салынған үйдің 43 үлескері далада қалуы мүмкін Фото: Inbusiness.kz

Құрылыс компаниясы рұқсат алмастан, тұрғын үй кешенін 90 пайызға салып қойған. Енді заң бұзушылыққа жол бергендердің ісі экономикалық сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал, пәтеріне 100 пайыз ақша құйған үлескерлер болса, ақшадан да, баспанадан да қағыламыз ба деп алаңдаулы. Айтуларынша, прокурорлар 5 қабатты үйді сүру керек деген ниетте екен.

Алтынай Дөнебайқызы бір жарым жыл бұрын 3 бөлмелі үй алу үшін, Хан тұрғын үй кешеніне 25 млн теңге салған. Алайда, іргетасы көтеріліп, құрылысы 90 пайызға біткен баспанасына кіре алмай отыр. Себебі, мердігер компания басшылығына қатысты іс қозғалып, сот басталған.

"Салынып, бітіп тұрған үйімізді міне 90 пайызға бітіп тұр ішінде. Неге өзімізге бермейді тиесілі. Кемі он млн салған, жоғарысы 40 млн-ға дейін салған кісілер бар. Мен өзім 25 млн салдым. Бізге бұл миымызға кірмейді. Біз не істейміз?! Халық не істейді мен тіптен түсінбеймін. Балаларым үшін, мен үшін кім жауап береді", - дейді үлескер Алтынай Дөнебайқызы.

Алтынай сынды жаңа үйінің табалдырығын аттай алмай жүрген 43 үлескер бар. Барлығы да 100 пайыз төлемдерін жасап қойған. Бірақ, сот процессінің созылуына байланысты жұмыстар тоқтап тұр. Шағымданушылардың сөзінше, әкімдік пен мердігер арасындағы даудан қарапайым халық зардап шегіп отыр.

"Прокурор неше сотқа бізді қайта-қайт  шақырып жатыр. Арлы-берлі. Неше рет сот болды. Енді экспертизасы жүргізілді. Үйдің сапасы дұрыс деп айтылды. Технадзорда айтып жатыр. Бәрі дұрыс жасалған деп. Жұмыс барысында ұсақ заң бұзушылықтар болған шығар. Олардың барлығы дұрысталды деді. Енді дайын тұрған үйімізге кіре алмай, мына аязда неге біз сабылып жүруге тиістіміз? Неге бізді мемлекеттік органдар қарапайым халықты қолдап, қорғап жасап бермейді бізге", - дейді үлескер Диана Оспанова.

Расымен де, құрылыс компаниясына аталған мәселе "бәрібір" болып тұрғандай. Себебі, Хан тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары 2022 жылы сот шешімімен тоқтатылған. Алайда, компания басшылығы ескертулер мен сот шешіміне құлақ аспай, құрылысты жалғастыра берген.  Сәулет басқармасы өкілдерінің айтуынша, компания басшылығы 1 және 4-ші қабат аралығында жүргізілген жұмыстарына тіпті авторлық және техникалық қадағалау жасамаған.

"2022 жылы соттың шешімімен бұл құрылыс монтаж жұмыстары тоқтау керектін. Бірақ, мердігер ұйымы оны тоқтатқан жоқ. Сот орындаушылары оны бақылады. Нысанға бірнеше рет барды. Бірақ ешқандай жұмыстарды тоқта алмады. Авторлық және техникалық қадағалау жұмыстары да нақтыланбай жатыр. Рұқсат қағаздары жоқ", - дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бас маманы Думан Қасымжанов.

Ал, компания басшылығы қандайда бір жауап беруден бас тартты. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында құрылыс жұмыстарына рұқсат алмаған үш көпқабатты үйдің жұмысы тоқтап тұр. Олардың да ісі сотта қаралып жатыр. Ал, Хан тұрғын үй кешені бойынша соттың шешімі 19-шы желтоқсанға қалдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу