27 сәуірде Ирина Панюшкина (Аризона университеті), Эмма Усманова (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті), Қанат Өскенбай, Мұхтар Қожа (Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті), Жамбыл Жұмабеков (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті), Ғазиз Ахатов (Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты) және Тимоти Джулл (Аризона университеті) есімді зерттеушілер радиокөміртекті мерзімдеу тақырыбына арналған "Radiocarbon" ғылыми журналында "Қазақстандағы Алтын Орданың хронологиясы: Жошы хан кесенесін 14c тәсілімен мерзімдеу" атты мақаланы жариялады.
Олар үдеткіш масс-спектрометрия әдісі арқылы (AMS 14c) Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан жерленді деп есептелетін "Жошы хан кесенесін" зерттеп осындай қорытындыға келді. Олар бұл кесененің 14 ғасырда, яғни Жошы хан қайтыс болғаннан (1225 жыл) кейін 100 жыл өткен соң салынғанын, кемінде бір рет 14-ғасырдың ортасында реновациядан өткенін мәлім етті. Сонымен қатар "табытқа арналған ағаш 1220-1270 жж. жиналды, табыт пен кесененің күнтізбелік жасының айырмашылығы 75 жылды құрайды" деген тұжырымға келді.
Мақалада "ескі табыт жаңадан салынған кесенеге орнатылған болуы мүмкін" деп жазылған. Зерттеушілер Жошының қайда жерленгенін растайтын тарихи дәлелдер жоқ екенін айтады.
Зерттеу нәтижесі бойынша, "кесенеде Жошы хан жерленбеген" деген тұжырым жасалды. Табыттың жасы құрылыс материалдарының жасына сәйкес келмейді. Ал "кесене Жошы ханның ұрпақтары үшін салынған және оның құрметіне Жошы есімімен аталды" деп жазылған мақалада.
Табиғат Нұрболат