Жалақы экономика қарқынына ілесе алмай келеді

489

2023 жылдың төртінші тоқсанында орташа айлық жалақы 393.6 мың теңгені құрады. 

Жалақы экономика қарқынына ілесе алмай келеді Фото: freepik

Жалақының нақты өсімі (2.6%) 2023 жылы экономиканың нақты өсімінен (5.1%) екі есе төмен. Мұндай сәйкессіздік соңғы 10 жыл қатарынан байқалып келеді – жалақы мен ЖІӨ-нің өсуі арасындағы корреляция жоқ, тіпті, кейде бағыттары қақ айырылуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Біз байланыстың әлсіздігі экономиканың құрылымдық проблемаларына байланысты деп санаймыз. Жалақы, соңғы жылдардағы номиналды және нақты өсуіне қарамастан, әлемдік стандарттар бойынша төмен және түрлі тұтыну деңгейін толыққанды қанағаттандыра алмайды. Табыстың 50%-дан астамы азық-түлікке кететін қарапайым тұтыну құрылымы кәсіпкерлер мен жеке секторды экономиканың сапалы өсуіне себеп болатын күрделі әрі әртараптандырылған өндіріске ынталандырмайды. Сондықтан, біздің ойымызша, негізінен энергия бағасының тұрақтылығы мен фискалдық ынталандырулардан туындаған 2023 және алдыңғы жылдардағы экономикалық өсім жалақы мен халықтың табысының тиісті өсуіне әкелмеді", — деді Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялова.

2023 жылдың төртінші тоқсанында орташа айлық жалақы 393.6 мың теңгені құрады, өткен тоқсаннан 12%-ға өсті — мұндай өсім маусымдық әрі жыл соңындағы сыйлықақылардың түсуімен түсіндірілетін табиғи құбылыс. 2023 жылдың қорытындысы бойынша орташа жылдық айлық жалақы 2022 жылғы 308 мыңмен салыстырғанда біршама өсіп, 360.8 мыңға жетті (номиналды өсім 17.1%). Нақты мәнде жалдамалы жұмысшылардың жалақысы 2.3%-ға өсті — бұл соңғы 5 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болғанымен, инфляцияның жоғары деңгейіне байланысты әлемдік тенденцияларға сәйкес келеді, бірақ 2023 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуінен әлдеқайда төмен.

Салалар бөлінісінде айтар болсақ, білім беру, құрылыс пен тұрғын үй және тамақтану қызметтері секторындағы табыс қатты төмендеді. Ақпарат және байланыс, қаржы, көлік және мемлекеттік басқару саласындағы еңбекақы айтарлықтай өсті. Соңғысына, ең алдымен, мемлекет саясаты ықпал етті — 2022 жылдан бастап 2023 жылы 1.45-ті құрайтын жоғары түзету коэффициенті қолданылады.

Өнеркәсіптегі табыс мөлшері әралуандығымен таңқалдырады — тау-кен өнеркәсібінде (шикі мұнай өндірісі басым) жалақы өңдеуші салаларға қарағанда және экономиканың барлық басқа салаларына қарағанда жоғары. Сондай-ақ, салыстырмалы түрде жоғары жалақы дәстүрлі түрде қаржы және сақтандыру секторында байқалады, олардың табысы орташа республикалық деңгейден 1.9 есе асады. Одан кейін жалақы мөлшері орташа деңгейден шамамен 1.3-1.5 есе жоғары ақпарат пен байланыс, ғылыми-техникалық қызмет (консалтинг), кұрылыс және көлік салаларын көруге болады. Бұрыннан келе жатқан тенденция сақталады: ең төменгі жалақы төленетін секторларға білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен өнер саласы кіреді. Мұндай жағдай олардағы еңбек өнімділігінің төмендігімен түсіндіріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу