Жалақыны затпен беру жиілеген

714

Сенаторлар үкіметтен "Банкроттық және оңалту туралы" заңына өзгеріс енгізуді сұрайды.

Жалақыны затпен беру жиілеген

Бірқатар кәсіпорын өз жұмысшыларына еңбекақы төлей алмай, жалақыны затпен, тауармен және өніммен беруге көшкен, деп хабарлайды inbusiness.kz.

90 жылдары елді ен жайлаған әрі дағдарыстың көрінісі болып табылатын осы мәселенің қайта бас көтеруіне назар аудартып, дабыл қаққан сенаторлар үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға жүгінді.

"Бүгінде әсіресе, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейтін жұмысшылар да, жалақыларын уақытылы немесе мүлде ала алмай, ал кейбір жағдайларда жалақының орнына ауыл шаруашылығы өнімдерін алуы фактілері кездесуде. Мысалы, оның орнына бидай, шөп, көкөніс және тағы басқасын береді. Ал мұның салдары жұмысшы күшінің жетіспеушілігін туғызып, маман кадрлардың тұрақтамауына әкеліп соқтыруда", – дейді сенат депутаты Рысқали Әбдікеров.

Сенаторлар статитикалық мәліметтерге жүгіне отырып, Қазақстанда еңбек дауларына қатысты сот істері де өсіп жатқанына нұсқады. Мәселен, 2017 жылы соттарда еңбекке ақы төлеу талаптарын бұзылуына қатысты 1 мың 783 әкімшілік іс қаралса, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 мың 939 іске жеткен. Яғни мұндай істер 1 жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан.

Сондай-ақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде жалақы берешегі 139 кәсіпорында, 6 мың 200 жұмыскердің алдында 1 миллиард 940 млн теңгені құрап отыр.

Оның ішінде жұмысшыларына 1,5 млрд теңге берешегі бар 105 кәсіпорын немесе төлемей отырғандардың жалпы санның 77 пайызы банкротқа ұшыраған.

Сондықтан сенаторлар үкіметтен бірінші кезекте жұмысшылардың жалақысын беру мақсатында, содан соң басқа да міндетті төлемдерді өтелуін қамтамасыз ету бойынша "Банкроттық және оңалту туралы" заңына өзгеріс енгізуді сұрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу