Осы Жамбылдағы 5 ауылдың жұрты балық саситын су ішіп отырмыз, деп базынасын айтып жатса, облыс әкімі тіршілік нәрінің сапасына жақсы деген баға беріп, тұрғындар пікірін теріске шығарды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Тіпті өзім де сол суды ішіп өстім деген өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Елордаға келіп, есеп берген. Сонда жалған ақпар берген кім? Халық па әлде әкім бе?
"Ақпарат ретінде айтып кетейін. Мен сол көлдің суын ішкен жігітпін. Бұл ауылда да өскенмін. Балық сасымайды, суы жақсы. Мен жаман болған жоқпын әрине. 2025 жылдың аяғына дейін біз толықтай облысымызды ауызсумен ауылдарды, қалаларды қамтамасыз етеміз", - деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Осылайша ауылдықтар мен атқамінердің ауызсу туралы пікірі екіге бөлінді. Жамбылдың жаңа әкімі Астанада аймақтың көрсеткішін жіпке тізіп жатқанда, Тараздағы облыс әкімдігінің алдынан шу шығып жатты. Жамбыл ауданының диқандары Қарашөкеев келмейінше аштық жариялап, әкімдік алдында түнейтінін айтып табандап тұрып алды. Өйткені ала жаздай ауызсудың азабын тартқан шаруалар аудандарға берілген өтемақыдан көк тиын да алмаған көрінеді. Сөздерінше, Жамбыл ауданының әкімдігі қураған алқаптарды тіркеп, есеп жүргізбепті. Жер емген жұрттың қарызға белшесінен батқанын айтпағанда, баспанасыз қалуы да мүмкін. Себеп, егін еккен ел табыс табу үшін үйлерін кепілге қойған.
"Сол кезде айтты ТЖ жарияланады. Өнімдеріңізді тексереді комиссия келіп. "Соған дейін өнімдеріңізді жинамаңыздар" деді. Біз сол сөзбенен әлі жинаған жоқпыз. Өнімнің бәрі жатыр осы егістікте, жалғыз менікі емес. Ал келетін комиссия да жоқ! Құрылған тәуелсіз топ та жоқ!", - дейді шаруа Жандәулет Төлепбаев.
Ауданда бас-аяғы 27 қожалықтың бәрі биыл жүгері сепкен. Су болмаған соң, сабағы шілдеде-ақ солған. Диқандар "Қазсушар" мекемесі мақұлданған көлемде су жібермеді, дейді. Сайып келгенде, шығын ақтамақ түгілі, өнімдерін құс фермасына өткізе алмай отыр.
"Жанашырлық жоқ халыққа, шаруаға деген! Маған ешқандай аудан тарапынан облыс тарапынан жақсылық көріп тұрған жоқпын. Қарапайым мал шаруашылығына берген субсидияны да ала алмай отырмыз!", - дейді шаруа Нұрғазы Омарқұлов.
Орынбасарымен кездесуден бас тартқан диқандар дауы әкімге жетіпті. Елордадан оралған соң арызын айтқандармен жүзбе жүз жолығып, мәселені майшаммен қараймын, деп уәде етті. Тіпті жауаптылардың кінәсі дәлелденсе, жазасыз қалмайды, деді.
"Жауапкершілік облыс әкімдігінің алдында тұратын болса, шағымдарының бәрін қалдыратын болады әрине қағазға. Келгеннен кейін міндетті түрде заң аясында оның бәрін қарастырып, ол жақта заң бұзушылық болатын болса, шенділердің жауапкершілігі болатын болса әрине бәрі жазаға тартылатын болады. Оны көретін боламыз", - деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Әкім жеткенше Жамбылдағы жауаптылар алқапқа жұмысшы тобын қайта жібермек. Шығын көлемі егжей-тегжейлі есептеледі. Айта кетейік биыл шаруалар шығынын жабуға Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 2,7 млрд теңгесіне 358 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Әлі күнге өтемақы алмағандар, сол қалғанынан дәмелі.