Сенатор Сұлтан Дүйсембинов палатаның жалпы отырысында жалғыз табыс көзі болып есептелетін мүлікті өндіріп алуды қорғайтын нормалар қажеттігін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Атқарушылық іс-жүргізу аясында азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында заңда (ред. – несие беру кезінде тәуекелдерді азайтуға қатысты заң) кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салуды енгізу, сондай-ақ қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 еселенген мөлшерінен 2 есеге дейін ұлғайту жөніндегі түзетулер көзделеді. Осы түзетулерді қолдаймын. Бұл – жақсы бастама. Бірақ өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Мысалы, күнкөріс көзі адамның жалғыз автокөлігі немесе арнайы құрал-сайманы болуы мүмкін. Министрлік тарапынан азаматтың жалғыз табыс көзі болып есептелетін мүлікті өндіріп алуды қорғайтын нормалар енгізу қарастырыла ма?", - деп сұрады сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің сөзінше, құрал-саймандар бойынша тиісті бап бар.
"Егер азамат сол құрал-сайманмен күн көретін болса, бұл құрал-сайман одан алынбайды. Егер де азамат таксиде жұмыс істейтін болса және көлік жалғыз табыс көзі болса, онда автокөлігін де алмайтындай баптарды енгізуге дайынбыз", - деп жауап берді ведомство өкілі.
Бұл ретте Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев депутат маңызды мәселені көтеріп отырғанын айтты.
"Оның ішінде жылыту мерзімінің уақытында адамдар жалғыз баспанадан айырылмайды деген мәселе қамтылып отыр. Бұл жерде де қарауымыз керек. Олда әртүрлі әлеуметтік жағдайларға, қиындықтарға алып келетіні түсінікті. Баспанасынан шығарылмасын, сонда тұра берсін десек, бұл банктердің мүдделеріне қарсы болуы мүмкін. Адамдарды да дұрыс емес әрекеттерге де жетелеуі әбден ықтимал. Егер жалғыз баспанасы болса, оны ертең кепілдік ретінде алмауды қарауымыз керек шығар. Бәлкім, ондай адамдарға несиенің берілмеуін әртүрлі формалармен пысықтауымыз керек шығар. Сондықтан бұл мәселені қарайық. Жалғыз баспанасынан айырылып, далада жүрген адамдар да аз емес. Осындай жағдайды болдырмас үшін алдын ала не істеу керегін қарап, кейінірек заңдарға да тиісті өзгерістер енгізуіміз керек сияқты", - деді Мәулен Әшімбаев.