Жамбыл облысы жылыту маусымына қаншалықты дайын?

1344

Жауаптылар өткен жылғы кемшіліктерден сабақ алды ма?

Жамбыл облысы жылыту маусымына қаншалықты дайын? Фото: www.tvc.ru

Өткен жылы Жамбыл облысында жылыту маусымы кезінде бірқатар қиындықтар туындады. Бір ғана мысал, облысқа қарасты Жамбыл ауданында түн жарымында магистральды газ құбыры жарылып, 5 елді мекендегі 980 үй жылусыз қалды. Өткен жылғы кемшіліктер биыл да қайталанып, тұрғындар қыстың көзі қырауда бүрсең қағып отырмасына кім кепіл?! Жалпы облыста жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін қандай жұмыстар атқарылды? Жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды ма? Осы орайда inbusiness.kz тілшісі өңірдегі жауапты мамандармен тілдесіп, жылыту маусымына дайындық барысын саралап көрген еді.

Тараз қаласы бойынша 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорын бар. Орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 1 730 нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шаһардағы жылу жүйесіне қосылған 1 345 көппәтерлі тұрғын үй де толығымен жылыту маусымына дайын. Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандары бойынша әзірлік паспорттары жинақталып, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген.

Барлық жылу беруші кәсіпорындар газ жеткізу қызметі бойынша "QAZAQGAZ AIMAQ" акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалымен келісімшарт жасаған. Бұған қоса кәсіпорындарда резервтік отын қоры ретінде 1 815 тонна көмір, 13 279,6 тонна мазут қоры дайындалған.

"7 қазаннан бастап Тараздағы әлеуметтік нысандарға жылу беру жөнінде шешім қабылданды. Ал, тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету қала әкімінің қаулысына сәйкес 15 қазанға бекітілді. Ескеретін жайт, жалпы жылыту маусымы ауа райын назарға ала отырып, бес күн мерзім аралығында сегіз градус немесе одан төмен болатын болса, тиісті заңнамаға (ҚР Құрылыс нормасы 02.04.2021-2004) байланысты басталады", – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Ал, Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, облыс бойынша отын-энергетика кешендерінің 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары мерзімінде аяқталып, жылу беруге толық дайындалған. Жылыту маусымына дайындық және маңызды науқанды ойдағыдай өткізу бойынша облыстық штаб құрылған. Дайындыққа қатысты 8 штаб отырысы өткізілсе, жылыту маусымы кезеңінде 6 штаб отырысын өткізу жоспарланған.

"Отын-энергетика кешендері арқылы жылдық 1,250 миллиард текше метр тауарлық газ көлеміне маусымдық шарттар жасалды. Кәсіпорындардың резервтік көмір қоры – 1 240 тонна. Тарқатып айтсақ, "Шу-Жылу" кәсіпорнында – 610, "Жамбыл-Жылу" мекемесінде – 600, "Таразтрансэнерго" кәсіпорнында – 10, "София" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 20 тонна көмір қоры бар. Сондай-ақ, нормативтік резервтік мазут қоры – 15 000 тонна. Атап айтқанда, "ЖГРЭС" акционерлік қоғамында – 12 744 тонна, "ТЭО" акционерлік қоғамында – 1 865, "Игілік" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында – 485, "Жамбыл-Жылу" мекемесінде 345 тонна мазут қоры дайындалды. Бұдан бөлек ҚР Энергетика министрлігінің тарапынан облысқа 23,4 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінді. Моно және шағын қалалардың орталық қазандықтарын 20,8 миллион текше метр табиғи газбен және 11 966 тонна мазутпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен тиісті қаржы қарастырылды. Бүгінгі таңда Жаңатас қаласының орталық қазандығына қазан айында әкелінуі тиіс 2 000 тонна мазуттың 950 тоннасы жеткізілді", – дейді Ғ.Исақов.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 9 негізгі жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Осы арқылы 1 737 әлеуметтік нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Қолданыстағы нормаларға сәйкес сыртқы ауа температурасы 5 күн бойы +8 градусқа тең немесе одан төмен болған жағдайда жылыту маусымы басталуы керек.

"Облыстағы әр аудан өздерінің жергілікті сыртқы ауа температурасын негізге ала отырып, осы жылдың 10-15 қазан аралығында жылыту маусымын бастайды. Барлық отын-энергетика кешендерінің диспетчерлік қызметтері тәулік бойы жұмыс атқаруда. Температуралық кестелері жасақталған.

Жылыту маусымы кезеңінде бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін жоспарланған 61,3 мың тонна көмірдің 52 мың тоннасы, яғни, 85 пайызы жеткізілді.

Халық үшін күзгі-қысқы маусымдағы жоспарлы көмір отынын тұтыну көлемі 144,8 мың тоннаны құрайды. Бұл жоспарлы көмір отынын 2025 жылдың сәуір айына дейін жеткізу жоспарланған.

Әкімдіктердің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күнге дейін тұрғындар 55 мың тонна көмірмен қамтылған. Бір айта кетерлігі, облыста көмір сатумен 31 нарық субъектісі айналысса, олардың 25-і өңірлік операторлар. Қазіргі таңда көмір тұйықтарында 13 мың тонна қатты отын бар. Облыс көлемінде көмір тапшылығы жоқ деп айтуға негіз бар", – деген Ғалым Исабайұлы "Шұбаркөл", "Қаражыра" маркалы көмірлерінің бағасы 18-24 мың теңгені құрайтынын жеткізді.

Дәл осы маркалы көмірлер ауылдарға дейінгі қашықтықты ескере келе, жеткізу құны есебімен 21-27 мың теңгеден сатылып жатыр екен. Ал, Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында көмір сатумен айналысатын теміржол тұйығы бар нарық субъектілері жоқ. Бұл өңірлердің тұрғындары Тараз және Шу қалаларынан көмір сатып алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу