Жамбыл облысында 70 дәрігер жетіспейді

861

Оның 22-сі қалалық, 48-і ауылдық емдеу мекемелерінде. 

Жамбыл облысында 70 дәрігер жетіспейді Фото: freepik.com

Жамбыл облысында аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда өткен жылы 6,7 пайызға жоғарылаған. Ал, өлім-жітім көрсеткіші 2023 жылдан 3,6 пайызға артқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сондай-ақ өткен жылы ана өлімінің 3 жағдайы тіркелген. Нәресте өлімі алдыңғы жылға қарағанда төмендеген, дегенмен өткен жылы 163 нәресте шетінепті.

Бұдан бөлек өңірдің денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Облыстағы 341 бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету және 38 ауруханалық нысанда 15 237 медициналық қызметкер жұмыс істеуде. Облыстағы мемлекеттік ұйымдардағы дәрігер тапшылығы 2024 жылдың қорытындысында 70 бірлікті құрапты. Оның 22-сі қалалық, 48-і ауылдық емдеу мекемелерінде.

"Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Жергілікті атқарушы органның грантымен жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 51 білімгер, резидентурада 84 дәрігер оқиды. Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып, оқу бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 62 дәрігер өңірге жұмысқа келді. Республикалық бюджет есебінен облысымызға мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыспен 182 дәрігер резидентурада оқиды. Өткен жылы 3 893 медицина қызметкері оқытылды, оның ішінде 977-сі дәрігер, 2 916-сы орта буын қызметкерлері.

Жалпы, шетелде 21 дәрігер біліктілігін арттырды. 2024 жылы өңірге 90 жас маман келді, оның 24-і қалада, 66-сы аудандарда тұрғындардың денсаулығы үшін қызмет етуде",  дейді Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев.

Мамандарды тұрақтандыру мақсатында облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету түрлері санаттарға бөлініп, мөлшерлері өзгеріпті. Облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандар бойынша 8 500 000 теңге, облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға 1 200 000 теңге, Тараз қаласына 800 000 теңге болып бекітіліпті.

Республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредитке 3 жас маман құжаттарын өткізіпті. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақыны 6 жас маман алса, 1 жас маман құжат өткізген. Ауданға келген 3 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу