Жамбыл облысында қатерлі ісікпен ауыратын 8 740 науқас тіркелген

751

Өткен жылы қауіпті дерттен 711 адам қайтыс болған.  

Жамбыл облысында қатерлі ісікпен ауыратын 8 740 науқас тіркелген Фото: kyiv.comments.ua

Әлем медицинасы күн санап қарқынды дамып жатқанымен, қатерлі ісікті ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен Жамбыл облысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісікпен ауыратын 8 740 (2022 – 8 216) науқас тіркелген. 

Өлім көрсеткішіне назар аударсақ, 2023 жылы 711 науқас қайтыс болып, 100 мың адамға шаққандағы өлім-жітім көрсеткіші 58,2 пайыз, 2022 жылы 734 адам қайтыс болса, өлім көрсеткіші 60,4 пайызды құраған. 

"2023 жылы алғаш рет қатерлі ісікпен ауырған 1 621 адамның 61,6 пайызы аурудың I және II сатысында (2022 жылы – 56,5 пайыз) болды. Бұл науқастың дер кезінде диагнозы қойылып, қажетті ем-домын дер кезінде қабылдаса, оның жазылу мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім деңгейін төмендету үшін аурудың алдын алу және ауруды ерте анықтау қажет.

2023 жылы 0-I сатыдағы қатерлі ісіктердің көрсеткіші 25 пайыз, 2022 жылы 24,5 пайызды құрады. Бұл кезеңдердегі емнің әсері өте жоғары, біздің мақсатымыз 0-1 кезеңдегі науқастарды анықтау.
Ауру құрылымында бірінші орында өкпе обыры – 18,6 пайыз, ұйқы безі обыры – 10,5 пайыз, асқазан обыры – 9,9 пайыз, простата обыры – 6,8 пайыз, бүйрек обыры – 6,8 пайыз, тоқ ішек обыры – 5,5 пайыз, бауыр обыры – 4,9 пайыз, сүт безі обыры – 4,9 пайыз.

Адам үшін ең қымбат нәрсе – денсаулық және оған немқұрайды қарамау керек. Ең бастысы – дәрігерге уақтылы бару. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін қатерлі ісікке әкелуі мүмкін ауруларды емдеу жұмыстарына ерекше назар аудару қажет. Емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың жұмысын жандандыру маңызды. Мысалы, егер сүт безі, жатыр мойны, тікішек, тері, қалқанша безінің қатерлі ісігіне әкелетін аурулар емделсе, асқынулардың алдын алуға болады. Сондықтан, әрбір адам емханада немесе дәрігерлік амбулаторияда тексеруден өту кезінде әйелдер немесе ерлер кабинетіне баруға міндетті, өйткені тексеру кезінде қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде көзбен анықтауға болады" - дейді Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжан Әбдіхалыққызы. 

2023 жылдың 5 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2023-2027 жылдарға арналған қатерлі ісікке қарсы күрестің кешенді жоспары қабылданған болатын. Жоспарға сәйкес 11 жастағы қыздарды HPV-ге қарсы вакцинациялау жоспарланған. Дүние жүзінде 174 ел HPV-ге қарсы вакцинацияның бұл түрін ұсынады. Біздің елде вакцинация науқаны 2024 жылдың екінші жартысында басталады. Вакцина жатыр мойны обырынан, тіпті тері ісігінен өмір бойы қорғайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу