Жамбыл облысында зауыттан шығатын фосфогипс көлемі 17 миллион тоннадан асты

2031

Тараз қаласы тұрғындарының өміріне қауіп бар ма? 

Жамбыл облысында зауыттан шығатын фосфогипс көлемі 17 миллион тоннадан асты Фото: janalyq.kz

Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде фосфогипс қалдықтары рұқсат етілген көлемнен асып кеткендігі анықталды.

Тараз қаласының маңында орналасқан "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты "Минералды тыңайтқыштар зауытынан" шығатын фосфогисп қалдығының көлемі 17 миллион тоннадан асты. Бұл туралы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен болған кездесуде айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Халық қалаулылары жұмыс сапары барысында "Минералды тыңайтқыштар зауытына" барып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Басқосуда "Минералды тыңайтқыштар зауытының" директоры Альберт Юн бірқатар өзекті мәселені ортаға салды. 

"Өндіріс орны үшін 2021-2022 жылдар өте өнімді кезең болды. Сол жылдары әлемдік нарықта аммафостың бағасы 1000 АҚШ доллары шамасында болды. Осылайша зауыт өз шығынын жауып жатты. Өткен жылдан бері бірқатар қиындықтарға тап болдық. Біріншіден, өнімнің әлемдік нарықтағы құны арзандай бастады. Екіншіден, күкірт қышқылы тапшылығы пайда болып, тығырыққа тірелдік. Негізі елімізде күкірт қышқылының тапшылығы 2022 жылдан бері байқалды. Сондықтан күкірт қышқылын пайдаланатын өзге де өндіріс ошақтарының арасында бәсекелестік пайда болып, сәйкесінше күкірт қышқылының нарықтағы бағасы өсті. Ал күкірт қышқылын жоғары бағамен сатып алған бізге тиімсіз, қалтамызға ауыр соғады. Сол сияқты 2022 жылдан бері газ тұтыну, көгілдір отынның бағасы бойынша да қиындықтар туындады. 
Келесі өзекті мәселенің бірі фосфогипс үйінділеріне қатысты. Қазір фосфогипс үйінділерін төгетін заңды орындар толып тұр, олардың көлемі мен биіктігі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Жақында облыстық экология департаменті жоспардан тыс тексеріс өткізіп, нәтижесінде фосфогипс қалдықтары рұқсат етілген көлемнен асып кеткендігі анықталды. Егер мәселені шешпесек, 7 мыңнан астам жұмысшы өз нәпақасын тауып отырған зауыттың жабылып қалуы мүмкін. Департамент қалдықтарды жоюға қатысты тапсырмалар беріп, үйінділерді жоюды талап етіп отыр. Өз есебімізше, біз қалдықтарды тиісті мөлшерден асырған жоқпыз, бірақ жағдай расында да мәз емес. Мәселені шешуге қатысты облыс әкімдігімен талқылауға ұсынылған нақты 4 шешім тұр. Біріншіден, үйінді орнының биіктігін арттыру керек. Ұсынысымыз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің қарауында жатыр. Екіншіден, облыс әкімінен фосфогипс үйінділерін төгу үшін қосымша 18 гектар жер сұрап жатырмыз. Үшіншіден, кәсіпорынның өзіне тиесілі заңды 28 гектар жерінің нысаналы мақсатын өзгертіп, мәселені шешкенге дейін фосфогипс қалдықтарын төгуге пайдалана тұрсақ дейміз. Алайда облыстық экология департаменті өзі рұқсатын бермейінше жерді пайдалана алмаймыз. Төртіншіден, фосфогипс қалдықтарын жоюға арналған нысанның құрылысын жүргізу", -  дейді А.Юн.

Кәсіпорын басшысының сөзін "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экологі Арман Қарағалиев толықтырып өтті.

"Фосфогипс қалдығының қоры бүгінгі күні 17 миллион тоннадан асады. Салық кодексіне сай экологияға келген шығын үшін салық төлеп отырмыз. Қазіргі таңда біз төлеп отырған салықтың облыстық мәслихатпен келісілген бағасы 1,06 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Салық көлемі келесі жылдан бастап тағы өседі. Бұл жағдай бізге өте тиімсіз болғалы тұр. Салық құнын түсіру мәселесімен айналысып жатырмыз. Салықтан 10 жыл босатылатындай жол бар. Бірақ ол уақытта зауыт фосфогипсті жоюға арналған заманауи технология енгізу керек. Ол да бізге үлкен жауапкершілік. Фильтрлерді жаңартып, аспанға көтеріліп жатқан түтін көлемін азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылуы қажет. Былайша айтқанда, бұл өзімізге үлкен жүктеме болады. 

Облыстық экология департаменті "жылына 1 миллион тонна фосфогипсті утилизация жасаңдар" деп талап қоюда. Бұл қиынға соғатын іс. Себебі ондай қаражатты жағдайымыз көтермейді. Қалдықтан құтылудың бірден-бір жолы – Қызылорда облысының Арал ауданындағы сортаң жерлерге тыңайтқыш ретінде шашу. Алайда қаражат, көлік мәселесі оған мүмкіндік бермейді. Біз жылына 200-300 мың тонна фосфогипсті ғана жоюға қауқарлымыз. Сондықтан өзімізге тиесілі 28 гектар аумақты пайдаланудан басқа жол көрмей тұрмыз. Алайда департамент заңда ол жерге тек зауыттың қосымша қоймаларын, мекемелерін, жабдықтарын орналастыруға болатыны ғана көрсетілгенін алға тартып, қалдықты төгуге тыйым салып отыр", - деді А.Қарағалиев.

Дегенмен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қалдық төгетін аумақты кеңейту мәселені түбегейлі шешпейді. Уақыт өте бұл мәселе тағы да пайда болады. 

"Қазфосфат" мәселенің уақытша шешімін іздеп отыр. Жыл санап облыс орталығының аумағы кеңеюде. Біз осы аумақтан 5 шақырым жерде жаңа ықшамаудан салып жатырмыз. Санитарлық аймақ болғандықтан тұрғындардың денсаулығы бірінші орында", - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Мәселелерге мұқият құлақ түрген сенаторлар проблеманы жан-жақты саралап, алдағы уақытта тиісті жерге жеткізетіндіктерін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу