Жамбылда 10 спорт ғимараты күрделі жөндеуді және 10 ғимарат ағымдағы жөндеуді қажет етеді

1029

Облыстық мәслихат депутаттары спорт саласына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, көп кемшіліктің бетін ашты.  

Жамбылда 10 спорт ғимараты күрделі жөндеуді және 10 ғимарат ағымдағы жөндеуді қажет етеді Фото: turaninfo.kz

Жамбыл облысының спорт саласында шешімін күткен мәселе шаш етектен. Қордаланған проблемалар саланың серпінді дамуына мүмкіндік бермеуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті он үшінші сессиясында баяндама жасаған облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісованың айтуынша, жыл басында спорт саласына зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Зерделеу барысында ауылдық жерлердегі бірнеше елді мекенде спортзал жоқ немесе бар болса да пайдалануға жарамсыз екені анықталған. Сонымен қатар күрделі жөндеуді қажет ететін оқу орындары бар көрінеді. Оқу орындарында спорттық құрал-жабдықтың ескіруі және қарапайым спорт ойындарына қажет доптардың жоқ екені белгілі болған. Бірқатар ауданда мектептерге спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға соңғы үш жылда қаражат қарастырылмаған. Тараз қаласындағы спорт мектептеріне қымбат бағадағы сапасыз бірреттік доптар мен торлар сатып алынған. Сол себепті денешынықтыру пәнінің мұғалімдері өз қаражаттарына спорттық ойындарға қажет доптарды сатып алуға мәжбүр болыпты.

Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандардағы 10 спорт ғимараты күрделі жөндеуді және 10 спорт ғимараты ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Спорт нысандарының басым бөлігі қолданысқа берілгеннен бері жөндеу жұмыстарын көрмепті. Мысалы облыстың беткеұстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы "Тараз-Арена" спорт кешенінің төбесінен су өтіп, еденге төселген қымбат төсеніштерге қауіп төндіріп отыр екен. Одан бөлек ғимараттың жылу мәселесі де сын көтермейтін жағдайда. Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың жатақханасының әбден тозығы жеткен. Ыңғайластырылған бөлмеде орналасқан асханасы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы бокс залының аянышты күйі мен ондағы жылу жүйесінде орын алған ақау балалардың өміріне қауіп төндіруде.

"Спорт мектептеріне қатысты өзекті мәселелерге тозығы жеткен жиһаздар мен компьютерлік техникаларды жаңғыртуға қаржының бөлінбеуі де жатады. Жамбыл облысы әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына бағынысты спорт ұйымдарына көп жылдар бойы компьютер сатып алуға қаражат бөлінбеген. Қолданыстағы компьютерлер істен шығып, қызметкерлер өздерінің компьютерлерін пайдалану деректері орын алуда.

Зерделеу барысында палуандар сайысына арналған бозкілем төселген спортзал түгілі көп жерлерде баскетбол, волейбол алаңдары да дұрыс жасақталмағаны анықталды. Ауылдарда спортзал бар. Алайда жуынатын және киім ауыстыратын бөлме жоқтың қасы. Ауыл мектептері ядро мен диск, найза (спорттық снаряд), футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын доптар, биіктікке секіру мен сырықпен секіруге арналған жабдықтармен қамтылмаған. Аталған деректер аудандарда бұқаралық спортты дамытуға тиісті көңіл бөлінбей отырғанын көрсетті" деген халық қалаулысы "Art Sport"-қа қатысты да алаңдататын мәселе көп екенін жеткізді.

Мәселен өткен жылы бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді денешынықтыруға тарту мақсатында мемлекеттік тапсырыстарды енгізу арқылы бюджеттен 930,7 миллион теңге бөлініпті. Нәтижесінде 4-17 жас аралығындағы 8 100 бала мен жасөспірімге спорттық секциялар тегін негізде 19 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік жасаған. 2024 жылға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 237 миллион теңге бөлініп, 19 спорт түрі бойынша 8 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр екен. Яғни биыл өткен жылға қарағанда қаржы көлемі 303 миллион теңгеге артқан. Қазіргі таңда 71 өнім беруші 6 061 баланы қамтыған. Алайда қыруар қаржыны қалтаға басқан өнім берушілердің басым көпшілігі жалға алған ғимараттарда жұмыс істеп келеді. Зерделеу барысында мектептердің спортзалын жалға алып отырғандар да анықталыпты.

"Спорт мекемелерінің басшыларымен өткен кездесуде "Art Sport"-қа бөлінген қаржының құмға сіңген судай жоқ болып жатқанын қынжыла жеткізгендер болды. Себебі зерделеу жұмыстары барысында балалар санын артық көрсетіп отырған кәсіпкерлік нысандардың бар екені анықталды. Спорт мектептері, білім ошақтары мен аула клубтарында жоғарыда аталған 19 спорт түрі түгел қамтылған. Алайда осы мемлекеттік мекемелерде спорттық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі орын алып отыр. Қаржыны неге осы мемлекеттік ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсамасқа?!", - дейді Ф.Жүнісова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу