"Шу ауданының тұрғындары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы жеке отбасылық іс-шараларда аспаздық қызмет көрсетіп келген. Достарының кеңесі бойынша 3-4 жасар африкалық түйеқұс сатып алып өсіре бастаған.
Алайда түйеқұс өсіріп, жылдам пайдаға кенелу мүмкін емес дейді кәсіпкер.
"Көп табыс табу үшін құстың санын көбейту керек. Түйеқұс жұмыртқасының ақуызы көп. Пайдалы тағам саналады. Ал қабығы әртүрлі кәдесыйлар жасауға таптырмайды", - дейді Бахадүр Масаитов.
Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанға жерсіндірілген түйеқұстар қатты аязға төзімді келеді екен. Жамбыл өңірінің ауа-райына да үйреніпті.
"Түйеқұстарды өсіру қиын жұмыс емес. Оған арнайы қора-жай да қажет емес. Оны жылытудың да қажеті жоқ. Өйткені құстар үлкен, денесінен жақсы жылу бөледі. Бірақ ылғалды жерді ұнатпайды. Сондықтан қораны жиі тазалап отыру керек", - деп түсіндірді ол.
Алайда түйеқұс өсірудің өзіндік қиындығы да бар көрінеді. Құстардың санын көбейту үшін жем-шөбін мол етіп қамдау керек. Жем-шөбін дайындауға жер учаскесі қажет дейді.