Жамбылдық ғалым: "Шайынды сулардың 30 пайызы ғана таза"

585

Тараз қаласының тұрғындары тұрмыстық жағдайда қолданатын сулардың шайындысы Жамбыл ауданындағы Аса ауылының сыртындағы алқапқа құйылады.

Жамбылдық ғалым: "Шайынды сулардың 30 пайызы ғана таза" Фото: EQ

Жамбылдық жас ғалым, PhD докторы Маржан Қалмаханова экологиялық талапқа сай жабдықтау мәселесі талай жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан шайынды сулар алаңына сүзгі орнату мәселесін шешетін жаңа жоба әзірлеп жатыр. Халықаралық жобаға 62194330 теңге көлемінде қаражат бөлінген. Inbusiness.kz сайтының тілшісі халықаралық жобаны зерттеп жатқан ғалыммен сұхбаттасты.

– Бұл жоба жүзеге асса, жамбылдықтар осы мәселеден түбегейлі құтылар ма еді?

Шайынды сулардың қоршаған ортаға зиян келтіріп отырғанын тұрғындар да біледі. Көктем шыға ауыл маңына бара қалсаңыз, сасық иіске шыдау мүмкін емес. Бұл – өңірдің басты экологиялық проблемасының бірі.

Жалпы қалдық сулар бірнеше сүзгіден өтіп, залалсыздандырылған соң жерге сіңуі керек. Табиғаттағы судың айналымы үздіксіз жүретін процесс екені белгілі. Тұрмыстық немесе өндірістік жағдайда пайдаланған су болса да, ол қайта жерге сіңеді. Оның белгілі бір бөлігі күн энергиясының әсерінен буға айналса да, жаңбыр, қарға айналып, қайта жерге түседі. Ал қалдық сумен бірге ағып шыққан зиянды заттар топырақта қалады.

 Шайынды сулар құйылатын сүзу алаңының маңында егістік алқаптары бар. Тура соған жақын жерге көктемде пияз егеді. Енді ойлай беріңіз, мәселенің қандай екенін. Жоба толықтай аяқталғанда міне, осы проблеманы шешудің жолын ұсынатын боламыз.

– Зерттеу жұмыстары аяқталып, күткен нәтижеге қол жеткізгенде шайынды суларды залалсыздандыру мәселесіне түбегейлі нүкте қоя аламыз ба?

 Бір нәрсені атап айту керек, қалдық сулардың және шайынды сулар сіңген топырақтың құрамында қандай зиянды заттар болатынын анықтап, оны залалсыздандырудың жолын төрт бірдей оқу орнының ғалымдары бірлесе зерттеп жатыр. Бұл халықаралық жоба.

Былтыр күзде АҚШ-қа барып, сонда зерттеу жұмыстарын жүргізіп келдім. Ол кезде Алматыдан, Асадан апарған сулардың үлгісін алып кеткенмін. Небраска университетінің лабораториясында сол сулардың құрамындағы заттарды анықтадым.

– Зерттеу жұмыстары қазір қай кезеңге жетті?

Эксперимент негізінен екі ошаққа жүргізіліп жатыр. Сынамаларды Алматы және Жамбыл облысындағы қалдық суларды алдық. Осы шайынды сулардың ағып баратын тұндырғыш тоғандарға біз арнайы үш мәрте позис – полиорганикалық қондырғыны жіберіп, судың құрамындағы заттарды анықтадық. Алған нәтижені АҚШ-қа жібердік. Ол жақтан нәтижелер келіп қойды. Көңіл көншітерліктей емес. Қалалық тазарту құрылыстарының шайынды сулары сүзгіден өткенде тек 30 пайыздайы ғана тазаланып шығады екен. Ал шайынды су құрамындағы зиянды заттар залалсыздандырылмаған күйі жерге сіңіп жатыр. Оны біз қайта тұтынып отырмыз.

Қалдық суларды сүзу алаңдарындағы проблеманың қандай деңгейде екені анықталды. Ендігі мақсат – соларға дұрыс фильтр жасау.

Ол мембрана фильтрі деп аталады. Мұндай сүзгілер тек полимер заттардан жасалады. Ал полимерлер өте қымбат. Сондықтан сол полимерге өзіміз жасаған органикалық адсорбенттерді араластырып жасамақпыз. Оған табиғи заттарды пайдаланбақпыз. Бірнеше тәжірибеден кейін мақтаның, гречка, өріктің сүйегінің қабығынан алынған белсендірілген көміртектер жақсы нәтиже бергенін көрдік.

– Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу