Жамбылдық диқандар қант қызылшасын қайда өткізерін білмей отыр

1229

Шаруалар Меркідегі қант зауытының өңдеу қуаты 200-300 мың тонна ғана болса, Тараз қант зауыты қызылшаны қабылдамайтынын айтып, алаңдаулы.  

Жамбылдық диқандар қант қызылшасын қайда өткізерін білмей отыр Фото: gov.kz

Жамбылдық балтамырдың бабын тапқан диқандар өнімдерін өткізе алмай қыруар шығынға батуы мүмкін. Бұл туралы Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті сессиясында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Оралхан Дәуіттің айтуынша, елімізде, облысымызда қызылша өнімін өткізу мәселесі күннен-күнге күрделеніп келеді. Жуырда халық қалаулылары облыстың аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізген кезде шаруалар өнімді өткізу мәселесі арқаларына аяздай батып тұрғандарын айтып, көмек сұрапты. 

Сессияда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке депутаттық сауалын жолдаған Оралхан Әбдірашұлы диқандардың базынасын жеткізіп, көпті алаңдатқан мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылатынын сұрады.

"Құрметті Ербол Шырақпайұлы!

Биыл Жетісу және Жамбыл облыстарында қант қызылшасынан күтілетін жалпы өнім 1,1 миллион тоннаны құрайды. Бұл былтырғы нәтижеден екі есе дерлік артық. Оның ішінде Жамбыл облысында 600 мың тоннадан артық өнім жиналады деген жоспар бар.

Енді осы қант қызылшасын қайда өткіземіз деп алаңдайды шаруалар. Меркідегі қант зауытының өңдеу қуаты – 200-300 мың тонна ғана.  Тараз қант зауыты қызылшаны қабылдамайды деп отыр.

Шаруалардың айтуынша қызылша амал жоқ Жетісу облысына тасымалданатын көрінеді. 

Бірақ ол жақтағы Көксу қант зауытының өңдеу қуаты – 250 мың тонна, Ақсу – 350 мың тонна ғана. Оның үстіне Жетісу облысы алдымен өздерінің қант қызылшасын қабылдатқызып, сырттан келгендерді кейінге ысырып, шаруаны әуре-сарсаңға, шығынға батыра ма деген де қауіп бар. Тағы да тасымалдау құны да арзан емес.

Осы қант қызылшасын өткізу мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?" деді. 

Ал сұраққа жан-жақты жауап берген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы шаруашылықтардың ешқандай зардап шекпейтінін, шаруаларға барынша қолдан көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы мәнді мәселені шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

"Биыл облысымызда 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егілді. Облыста Тараз және Меркі қант зауыттары бар. 
Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап Үкіметке, тиісті министрліктерге 2 мәселені көтеріп бірнеше мәрте хат жаздым. 

Бірінші мәселе – облысымыздағы қант зауыттарына жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие беру мәселесі. Өкінішке қарай ақша бөлінбеді. 

Екінші мәселе – жағдайды көріп-біліп отырған соң 2024 жылдың ақпан айынан бастап келісу жұмыстарын бастадық. Біріншіден, қант қызылшасы алқаптарын қысқарту мәселесі. Біздің бірінші ұсынысымыз бойынша қант қызылшасын 7,2 мың гектар, кейін 7,9 мың гектарға егейік дедік. Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісе отырып 11 мың гектарға тоқтадық. Соңғы 4 жылды алатын болсаңыздар, статистикалық мәліметтер бойынша бізде орташа өнімділік қант қызылшасы алқаптарын жинаған кезде 320 центнер болды. 

Биыл өнімділік гектарына 571 центнер өнім алынады деп жоспарлануда. Себебі бізде 11,2 мың гектардың 10 мыңына жуығы интенсивті суару әдістерін қолданады. Биыл тыңайтқыш, қаражат жағынан да дұрыс болды. Сол себептен біз ақпан айынан бастап мамыр айына дейін осы мәселені көтеріп келдік. Әрине, 11,2 мың гектар 571 центнер болатын болса, 600 мың тоннаға жуық қызылша күтіп отырмыз.

Енді біздің қант зауыттарына тоқтайтын болсақ. Мен осы мәселені Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда кезде де көтердім. Премьер-Министрге де кіріп талқыладық. Үкімет отырысында да арнайы жиналыс құрып, мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Ауыл шаруашылығы министрі өткен аптада өзі келіп, 2 қант зауытын көріп шықты. Бұл жерде екі мәселе бар.

Былтырғы жағдайды білесіздер, басқа дақылдардың бағасы болған жоқ. Дәнді дақылдарды, майлы дақылдарды да алатын болсақ, оның да бағасы болмады. Сол себептен биыл енді қант қызылшасын 11,2 мың гектар еккеніміз жаман емес шығар. Себебі ол өнімге мемлекет қолдауы бар. Сол себептен біз Ауыл шаруашылығы министрі келген кезде нақты бәрін сараптап, келесі шешімге келдік. Біздің Меркі қант зауытына 400 мыңнан астам тоннасын береміз, оның негізгі қуаттылығын білесіз ғой.

Қуаттылығы – 450 мың. Енді Меркі қант зауытының иелері өздері өңдеп, өңделмегенді ары қарай Қырғызстанға шығара ма, Ақсуға апара ма, ол жағын қарастыратын боламыз. Жетісу облысына тоқталатын болсақ, Жетісу облысында Ақсу қант зауыты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының меншігінде.

Ол жақта қазір жаңарту жұмыстары аяқталып жатыр. Енді қуаттылығы жаңағы сіз айтқандай 350-370 емес, 450 мыңға дейін көтеріліп жатыр. Сол себептен, біз қазір екінші токсация 600 мыңнан асады деп жоспарлап отырмыз ғой, өзіміздің жоспарымыз бойынша 500-550-дің төңірегінде болады. Қалған өңделмей қалған қант қызылшасы болатын болса, оны Меркі қант зауытына немесе Қырғызстанға апаратын болады немесе жаңағы Ақсу қант зауытына апаратын боламыз. 

Тағы да екі мәселені айтып кету керек бұл жерде. Біздің шаруашылықтар толықтай қаражатын алады. Екіншіден мынау өсірілген қант қызылшасының бәрін өңдеп қант шығаруға біз барлық әрекеттерді жасайтын боламыз. Бұл мәселе былтырғы жылдың қыркүйегінен бастап менің тікелей бақылауымда тұр.

Сол себептен Үкімет басшысы, құзыретті министрліктердің барлығы біледі, қазір қосымша қаражат сұрап жатырмыз, бізге Үкіметтен қаражатты бөлеміз деді. Оның ішінде жаңағы өскен өнімге субсидия төлеу мәселесі, логистика мәселесі. Сол себептен 600 мыңнан астам өсірілетін болса біз қазір өз тарапымыздан қажеті бар шешімдерді қабылдап, көмекті көрсететін боламыз. Шаруашылықтар зардап шекпейді", - деді Ербол Шырақпайұлы. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде тәтті түбір жинауды Жамбыл және Талас аудандарының диқандары бастады. Қазіргі уақытта 1,5 мың гектар алқаптан 550 тонна өнім алынып, әр гектардағы орташа өнім 950 центнерді құрауда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу