Электронды төлемақы 80 теңгеден 100 теңгеге, ал қолма-қол ақшамен есеп айырысу 150-ден 170 теңгеге шарықтайды. Билік өкілдерінің айтуынша, тарифті 5 жыл тұрақты ұстаған. Енді бағаны өсірмеске амалы қалмапты.
Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектердің құны өсті. Тасымалдаушылар қазіргі тариф шығындарын жаппайтынын талай мәрте айтты. Билік өкілдерінен әлеуметтік маңызы бар салаға субсидия көлемін арттыруды сұраған еді.
Бұл мақсатқа 4 млрд теңгеден астам қаржы қажет. Алайда, қалалық әкімдік соның жартысынан астамын ғана өтеді. Енді тарифті 20 теңгеге көтеріп, тасымалдаушылардың шығынын жабуға көмектескен болуда.
"2017 жылдан бері қоғамдық көліктердің тасымалдау құны өзгерген жоқ. Тасымалдаушылар тарифты 100 теңгеге өсіру жөнінде жыл сайын өтінім береді. Мысалы, 2018 жылы, 2020 жылы өтінімдер жолдаған болатын. Тек, 2021 жылы ғана дифференциалды тариф енгізіліп, қолма-қол төлеммен есеп айырысу 150 теңге болып бекітілді", деді ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі, Нұрдәулет Бисенов.