Жануарлар туралы заңға өзгерістер: фактілер, сандар және өзгерістердің себептері

130

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға енгізілген өзгерістер қызу талқыланып жатыр.

Жануарлар туралы заңға өзгерістер: фактілер, сандар және өзгерістердің себептері Фото: canva

Бұл тақырып қоғамда үлкен резонанс тудырды – пікірлер екіге бөлініп, талқылаулар эмоцияға толы өтуде. Біреулер ұсынылған өзгерістерді қолдаса, енді біреулер алаңдаушылық білдіруде, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өз көзқарасын ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков білдірді. Ол өз жазбасында заңның қабылдану логикасын азаматтармен тікелей қарым-қатынас тәжірибесі мен ресми деректерге сүйене отырып түсіндірген.

Оның айтуынша, жақында туған жері – Саран қаласына барған кезде жеке секторда тұратын, үй жануарларын асырайтын туыстары тарапынан көптеген сұрақтарға жауап беруге тура келген. Бұл жағдай заңның негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге себеп болған.

Заң – қоғам сұранысына жауап

Автор атап өткендей, заң азаматтардың көптеген өтініштеріне жауап ретінде қабылданған. Соңғы жылдары депутаттардың өңірлерге сапарлары мен халықпен кездесулері барысында қаңғыбас иттердің көбеюі және олардың адамдарға жиі шабуыл жасауы туралы шағымдар тұрақты түрде айтылып келген.

Кальянбековтың сөзінше, елдің барлық өңірінде дерлік қолданылып келген ұстау-стерилизация-вакцинация-қайтару әдісі күткен нәтиже бермеген. Бұл пікірді түрлі фракция депутаттары да қолдаған.

Сандар не дейді – мәселе әлі шешілмеген

Әлеуметтік желілердегі талқылаулар мәселенің бар екенін тағы бір рет көрсетті. Соңғы жылдары аталған әдіске бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, оның тиімділігі күмән тудырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл шамамен 15 миллиард теңгеге жуық қаражат болуы мүмкін.

Экология министрлігінің ресми статистикасы да жағдайдың күрделене түскенін көрсетеді:

– 2022 жылы 243 574 жануар ауланған;
– 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша – 276 282 жануар (+32 708);
– Иттердің адамдарға шабуылы 2022 жылғы 36 746 жағдайдан 2025 жылы 41 366 жағдайға дейін өскен (+4 620).

Яғни, үлкен қаржы бөлінгеніне қарамастан, қаңғыбас жануарлар саны мен шабуылдар азаймаған.

Сонымен қатар, бұл әдісті қолдаушылар мәселе оның өзінде емес, қаржының тиімсіз жұмсалуында деп санайды. Олардың пікірінше, егер қаражат дұрыс игеріліп, қаңғыбас жануарлардың кемінде 70%-ы қамтылса, жүйе нәтиже беруі мүмкін еді.

Осы ретте депутат Еділ Жанбыршиннің Астана қаласында осы бағдарламаға шамамен 400 миллион теңге алған ұйымға қатысты сауал жолдағаны айтылды. Бұл бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын анықтауға алғашқы қадам болуы мүмкін.

Жаңа тәсілдер – ескі әдістен бас тарту және бақылауды күшейту

Қазіргі жағдайды ескерген заң жобасын әзірлеушілер қаңғыбас иттерге қатысты бұрынғы әдістен бас тартып, оларды қайта жібермей ұстау тәсіліне көшуді ұсынды. Олардың пікірінше, бұл адамдардың қауіпсіздігіне төнетін қатерді қысқа мерзімде азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе халықаралық деңгейде де қолданылады.

Заңдағы негізгі нормалар. Жануарларды ұстау мерзімі

– Қаңғыбас иттер кемінде 5 күн ұсталады;
– Жергілікті мәслихаттар бұл мерзімді өңір жағдайына қарай ұзарта алады;
– Үй жануарлары үшін мерзім 60 күнге дейін белгіленген.

Егер жануар чиптелген болса, оның иесін тез тауып, қайтаруға мүмкіндік бар.

Маңыздысы – мысықтарға қатысты бұрынғы әдіс сақталады, өйткені олар адамдарға тікелей қауіп төндірмейді.

Ашықтық және қоғамдық бақылау

Заң жануарлар паналарының жұмысын бақылауды күшейтеді – енді кез келген азамат барып, олардың жағдайын тексере алады.

Иелердің жауапкершілігі

Иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу енгізіледі.

– бірінші рет – ескерту;
– қайталанса – айыппұл;
– қайта бұзса – жануарды алып қою мүмкін.

Сонымен қатар, жануар иелері олардың келтірген зияны үшін толық жауап береді. Чип жануардың нақты иесін анықтауға мүмкіндік береді.

Қатыгездік үшін жаза күшейеді

Жануарға қасақана зиян келтіріп, оның өліміне себеп болған жағдайда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, айыппұлдар да ұлғайтылады.

Жалған ақпаратқа түсініктеме

Заңға қатысты тараған кейбір қауесеттер жоққа шығарылды:

– үй жануарларына салық енгізілмейді;
– жануарларды атуға немесе қатыгездікпен өлтіруге тыйым салынған.

Эвтаназия жаңа норма емес – ол бұрыннан заңда бар.

Мәселені кешенді шешу

Жалпы алғанда, заң мәселені кешенді түрде шешуге бағытталған:

– бір жағынан – қаңғыбас жануарлар санын реттеу;
– екінші жағынан – иелердің жауапкершілігін арттыру және жануарларды қорғау.

Заңға енгізілген өзгерістер Мәжіліс сайтында жарияланған. Азаматтарға құжатпен танысып, пікірді эмоцияға емес, нақты деректерге сүйеніп қалыптастыру ұсынылады.

Қоғам пікірі

Желі қолданушылары да өз ойларын білдіруде:

– Бұл салада тәртіп орнату қажет, ең бастысы – эмоция емес, нақты деректерге сүйену керек;
– Келтірілген статистика өте маңызды. Мен өзім күшік асырап алдым, оны екпеден өткізіп, чиптетемін. Әр адам өз жануарына жауапты болуы тиіс.

Бұл тақырып қоғам үшін әлі де өте өзекті. Бір жағында – адамдардың қауіпсіздігі, екінші жағында – жануарларға ізгі қарым-қатынас.

Қабылданған өзгерістер осы екі мақсаттың арасындағы тепе-теңдікті табуға бағытталған. Алайда оның тиімділігі жергілікті деңгейде қалай іске асатынына, ашықтыққа және азаматтардың жауапкершілігіне байланысты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу