Соңғы кезде бұл процесс тым жиілеген. Мәселе дүниежүзі елдерін бей-жай қалдырмай отыр. Сондықтан Біріккен ұлттар ұйымы шөлейттену, құрғақшылық мәселелерін шешу үшін алдына жаңа міндеттер қоймақ. Бүгін Самарқандта шөлденумен күрес конвенциясы комитетінің 21-ші сессиясы басталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Әлемнің түкпір-түкпірінен, 200-ге жуық мемлекеттен келген 500-ден астам делегат. Әрқайсысын құрғақшылық, тозып бара жатқан жер мен шөлдену процессі алаңдатады. Бір сөзбен айтқанда, экологиядағы үлкен өзгерістер, жердің жарамсыздығына әкеліп соғады. Жыл сайын 100 млн гектардың сау тамтығы қалмай бүлінетін көрінеді.
"Біз бүкіл әлемде көріп отырған құрғақшылық, дала өрттері және қалыптан тыс жылу климаттық және табиғи дағдарыстардың белгілері. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. 2015 жылдан бастап шамамен 4 миллион шаршы шақырым сау және өнімді жер жоғалды. Бұл Орталық Азияның аумағымен бірдей жер еді. Сондықтан жер дегредациясын шұғыл түрде тоқтату керек", - дейді БҰҰ Шөлейттенумен күрес конвенциясының атқарушы хатшысы Ибрагим Тиау.
БҰҰ-ның дерегінше, осыдан 3 жыл бұрын қазақ жерінің жарамсыз күйге түскен бөлігі 21 пайыздан асқан. Жалпы конвенция алдағы 7 жылда, яғни 2030 жылға дейін дегредацияға ұшыраған 1,5 млрд гектар жерді қалыпқа келтіруге кіріспек.
Арал теңізінен жыл сайын 100 млн тонна улы тұз көтеріледі.
Одан өзге қазір әлемді алаңдатып отырғаны Аралдың жайы. Теңіздің құрғаған бөлігінен жыл сайын желмен 100 миллион тоннаға дейінгі шаң мен улы тұз көтеріледі. Бұл ретте Өзбекстан Үкіметі ол аумаққа орман өсіруді бастады.
"Арал теңізі маңында жылдық көлемі 100 миллион тонна және ұзындығы 1000 шақырымға дейінгі шаңды дауылдың өте жоғары қарқыны байқалады. Президент тапсырмасымен теңіздің құрғаған түбінде 2 миллион гектардан астам аумақты қамтитын орман өсіру бойынша ауқымды шаруа басталды. Осылайша, шаңды және тұзды дауылдардың алдын алып, теңіз аймағындағы экономикалық және әлеуметтік жағдай біраз жақсарды", - деді ӨР Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Әбдіхакімов.
Аралды сақтап қалуға бола ма? Конференция қандай шешім қабылдайды. Бұл мәселелер алдағы 3 күн бойы талқыланады. Жалпы Шавкат Мирзиеев құмды және шаңды дауылдар бойынша Самарқанд декларациясын қабылдау туралы ұсыныс білдірген. Оның да шешімі апта соңында белгілі болмақ.