Жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын құқық бұзушылық деректері көбейді

473

Әсіресе, әлімжеттік жасау фактілері азаяр емес.

Жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын құқық бұзушылық деректері көбейді Фото: Облыстық полиция департаменті

Жыл басынан бері тек Ақтөбе қаласының өзінде кәмелет жасына толмаған  167  баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды. Қыс мезгілінде жастардың көбі ойын-сауық орталықтарына жиі барады. Мұндай мекемелердің өзінен 14 құқық бұзушылық дерегі тіркеліп отыр.

Мұндай келеңсіздікке жол бергені үшін екі ата-ана мен екі кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.  Өңір полицейлері жағдайдың күрделі екенін ескеріп, ата-аналар мен білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесулер ұйымдастырып жатыр.

"Жасөспірімдердің көбі ауылдардан қалаға оқуға келіп, қылмыс жасайды.Оған анализ жасап отырмыз. Студенттер жататын жерлерді тексеріп отырамыз. Көбіне мұндай жағдайға тап болатын колледж білім алушылары. Жасөспірімдерге қатысты 106 қылмыс жасалған", - дейді Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.     

Соңғы бір жыл ішінде жасөспірімдер арасында 128 қылмыс тіркеліп, 125  бала жауапқа тартылды. Оның  30-ы мектеп оқушысы. Кәмелетке толмағандар көбіне ұрлық және бұзақылық жасап, денсаулыққа қасақана ауыр зиян тигізгені үшін жауапқа тартылған. 

"400-ге жуық әкімшілік іс қаралды. 200 ата-ана кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін және кәмелетке толмаған баласы заңды өкілінің қарауынсыз ойын-сауық орталықтарында жүргені үшін жауапкершілікке тартылды", дейді, Облыстық соттың баспасөз хатшысы Айжамал Сүндет. 

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюіне тек заң өкілдері ғана емес,   қоғам белсенділері де  алаңдаушылық білдіріп отыр. Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаевтың айтуынша, қазір ата-аналардың көбі жұмысбасты болғандықтан балаларына тиісті деңгейде тәрбие бере алмай отыр. Сондықтан, өзі  әскери-патриоттық клуб құрып, оқушылармен кездесулер ұйымдастырып отырады.  Әсіресе, түрлі қиындыққа тап болған жасөспірімдермен жиі әңгімелесетінін айтты.

"Жастардың бір-біріне күш көрсетуі, қару жұмсап өлімші етуі жиіледі. Біз бұл мәселеге қоғам болып мән беруіміз керек. Аға буын ретінде біз және білім ордалары түбегейлі айналысуымыз керек", - дейді Марат Қойлыбаев.  

Мәселенің күрделі екенін психологтар да мойындап отыр.  Мамандардың айтуынша, әсіресе,  интернет желісіндегі жағымсыз ақпараттардың тигізер зияны көп. Сондықтан баланың санасы уланбауы үшін әр ата-ана баласының не көріп, кіммен сөйлесіп жүргеніне мән беруі керек.

"Ата-аналардың басым бөлігі балаларының ұялы телефонын тексермейді. Бұл өте қорқынышты. Себебі, қазір интернетте балғындардың санасын улап, аяғы өлімге дейін итермелейтін бейнежазбалар мен ойындар, тіпті сериалдар бар.  Мұның бәрі жас ұрпақтың болашағына жасалған шабуыл деп білемін", - деп атап өтті психолог Дастан Нариманов.

Ювеналдық полиция қызметкерлері рейд жүргізіп, тек екі тәулік ішінде 70-ке жуық жасөспірімді ұстады.  Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жұмысты одан әрі күшейтуді көздеп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу