Жазасын өтеушілер ауылдан қалаға көшіріледі

Екібастұз қаласында түзету мекемесі орналасатын болды. 

Жазасын өтеушілер ауылдан қалаға көшіріледі Фото: ҚАЖД

Павлодар облысында жеңіл-желпі құқық бұзушылыққа барған адамдар, абайсызда әлдекімге зиян келтірген азаматтар жазасын Шідерті кентінде өтеп жүр. Алайда сотталушылардың "тұрағына" айналған мұндағы мекеме 40 жылға жуық уақыт аралығында әбден тозған. Сондықтан түзеу мекемесін Екібастұз қаласына ауыстыру қолға алынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Шідерті кентіндегі түзету мекемесі 1984 жылы салынған. Сол уақыттан бері мұнда жазасын өтеушілер тұрады. Сондай-ақ, сол кентте жұмыс істеп келді. Алайда соңғы жылдары қиындықтар туындай бастады. Сумен қамтитын мұнара жиі істен шығып, қазандық қысқы уақытта ғимаратты әрең жылытатын болды. Қыс бойы сотталғандар да, осында қызмет атқаратындар да бүрсең қағатын көрінеді. Қабырғалардың қисайып, түсе бастағаны тағы бар. Ауыл ішінде жазасын өтеушілерге бұрынғыдай жұмыс табылмағандықтан, олар күн сайын 50 шақырым қашықтықтағы Екібастұз қаласына тасымалданады. Бүгінде сотталған 115 адамның 92-сі күн сайын ауыл мен қала арасында осылай қатынап жүр.

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті осы жағдайлардың барлығын ескеріп, түзету мекемесін Шідертіден басқа жерге көшуге қатысты бірнеше нұсқаны қарастырды. Облыс орталығына көшіру туралы да ой болды. Мүмкіндіктерді саралай келе Екібастұз қаласындағы бұрынғы туберкулез диспансерінің ғимаратын барлығынан қолайлы деп тапты. Тіпті, тиісті қоғамдық тыңдау да ұйымдастырып үлгерді.

"№47 түзету мекемесінде жеңіл және орташа деңгейдегі қылмыстарды жасаған, абайсызда қылмыстық әрекетке барған азаматтар жазасын өтеуде. Олар орналасатын туберкулез диспансерінің ғимараты оқшауланған. Қазіргі уақытта мекеменің өзін және оның аумағын режимдік талаптарға сай жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Мұнда қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілмек. Айталық, барлығы 250 бейнебақылау камерасын орнатып, сотталғандардың әрекетін қатаң қадағалайтын болады. Құзырлы мекеме өкілдері осындай өзгерістің нәтижесінде жайлы ғимаратқа көшіп қана қоймай, жазасын өтеушілердің барлығын бірдей жұмыспен қамтуға мүмкіндік туатынын да алға тартады. Кеншілер қаласында түрмеге тоғытылғандарды жұмысқа алуға әзір кәсіпкер де табылды.

Алайда, кейбір екібастұздықтар осындай көршілердің қоныстануын аса құптамайды. Олар жазасын өтеушілер теріс әрекеттерге бара ма деп қауіптенеді.

"Диспансерге балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандар жақын орналасқан. Сондықтан балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдайтын болдық. Әрине, жазасын өтеушілердің де дұрыс, қолайлы жағдайда тұрғаны жөн. Бірақ бірінші кезекте қарапайым жұрттың қауіпсіздігі қойылуы керек деп ойлаймын. Оларды бақылауға жауапты қызметкерлер осыны қаперге алса", - дейді екібастұздық Нұрсұлу Имашева.

Қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері құқық бұзғандардың қатарында екінші рет сотталған адамдардың жоғын алға тартып, олар тағы да қылмысқа бара қоймас деген байлам жасап отыр. Оны уақыт көрсетер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу