"Медицина саласының ішінде жедел жәрдем қызметінде үлкен проблемалар бар. Мысалы, Маңғыстау облысында көптеген наразылық акциялары болды. Тұрғындар да осы мәселені қайта-қайта көтеріп жүр. Жедел жәрдем қызметіндегі медициналық персоналдың, жүргізушілердің жалақысының төмендігі мәселесі бар. Мысалы, Маңғыстау облысында орташа жалақы – 414 мың теңге. Орташа медициналық персоналдың жалақысы шамамен 190 мың теңгенің маңайында, ал жүргізушілер, кіші медициналық қызметкерлердің жалақысы бар болғаны 102 мың теңге. Мына қызметті сапалы көрсететін, заманауи аппараттармен жабдықталған жедел жәрдем көлігі бар және дұрыс жалақы алатын жедел жәрдем жүйесін қашан іске қосамыз?", – деп сұрады депутат.
Денсаулық министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, былтырдан бастап барлық медицина қызметкерлеріне – дәрігерлерге жыл сайын 30 пайыздан, орта медицина қызметкерлеріне 20 пайыздан, биылдан бастап медициналық ұйымдарда жұмыс істеп жүрген медициналық емес қызметкерлерге 20 пайыздан жалақы өсіп жатыр. Биылғы орташа жалақы мөлшері дәрігерлерде 420 мың теңгеге жуық, орта медицина қызметкерлерінде – 250 мың теңгеге жуық, ал медициналық емес қызметкерлерде шамамен алғанда 120 мың теңгені құрап отыр.
"Жедел жәрдем қызметкерлерінің жүргізушілері 100 мың теңгеден астам қаражат алады. Олардың жалақысын қалай көтеруге болады сұрақ талқыланды. Жүргізуші емес "парамедик" деген мамандық енгізу керек деген мәселе бар. Жедел жәрдем көлігіндегі жүргізуші де шұғыл бригаданың ішіне кіріп, "парамедик" деген мамандық алып, осылайша олардың жалақысын көтере аламыз деп жоспарлап отырмыз", – деді министр.