Жеңіс Қасымбек кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін арттыруға қатысты ұсынысын айтты

1656

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 80 пайызынан астамы қол еңбегін немесе жартылай автоматтандырылған өндірісті қолданып отыр. 

Жеңіс Қасымбек кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін арттыруға қатысты ұсынысын айтты

Өнеркәсіп салалары бойынша өсім тау-кен өнеркәсібі (өсім 9,1%-ке) мен сумен жабдықтауда (өсім 3,3%-ға) байқалып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, министрлік жетекшілік ететін экономиканың негізгі салалары бойынша биыл бірінші жартыжылдықта оң динамика байқалады.

"Көлік саласында көрсеткіш - 3,1%, құрылыста –  9,3%, өнеркәсіпте көрсеткіш 4,3%-ке өсті. Сондай-ақ, өнімділік машина жасауда 11,5%-ке, химия өнеркәсібінде 9,2%-ке және жеңіл өнеркәсіпте 1,6%-ке ұлғайды", –  деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министр еңбек өнімділігін арттыруға кедергі болатын бір факторды атады. Ол өңдеу өнеркәсібі салаларындағы технологиялық деңгей.  Яғни, кәсіпорындар әлі толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істеп жатқан жоқ. Дегенмен, 2018 жылдың жартыжылдығында 9 өңірде еңбек өнімділігі өсті. Олар: Қызылорда (153,9%,), Батыс Қазақстан(126,3%), Маңғыстау (122,9%), Қостанай (108,7%), Ақтөбе (105,3 %), Павлодар (104,7%), Ақмола(104,2 %), Қарағанды (100,2%) облыстары және Алматы қаласы (108,0%).

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек еліміздің кәсіпорындарында еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне қатысты ұсынысын да айтты.

"Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 80 пайызынан астамы қол еңбегін немесе жартылай автоматтандырылған өндірісті қолданып отыр. Яғни, әлі автоматтандыруға көшу кезеңінде. Осыған байланысты, біріншіден, қаржылық қолдау құралдарын дамыту арқылы кәсіпорындарды жаңғыртуды инвестициялауға ынталандыру қажет. Көлемі мен ұзақ мерзімді қаржыландыру қолжетімділігін арттыру, озық жабдықтар мен технологияларды пайдалану тұрғысынан мемлекеттік қолдау алатын жобаларға қойылатын талаптарды күшейту керек. Екіншіден, өнеркәсіпті цифрландыру бойынша жоспарланған шараларды іске асыруды жалғастыру, оның ішінде кәсіпорындарға қойылатын технологиялық талаптар мен стандарттарды арттыру мәселелері бар", –  деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу