Кен орындарынан түсетін табыс маңызды ма, әлде таза су ма?

1313

Сенат отырысында депутат Ғұмар Дүйсембаев пайдалы қазба іздеп, әр жерден ұңғыма қазатындардан жерасты суына қауіп төніп тұрғанын, бұл Атырау және Маңғыстау облыстарындағы ауыз су тапшылығына әсер етіп отырғанын қозғады.

Кен орындарынан түсетін табыс маңызды ма, әлде таза су ма?

"Теңіз және Қашаған кен орындарын игеруді белсенді түрде ұлғайту, Атырау мұнай-химия паркін дамыту және газ өңдеу зауытын салу таяу болашақта су тапшылығының артуына алып келеді. Мәселе әсіресе Атырау облысының Исатай, Жылой аудандары мен Құлсары қаласының тұрғындарына қатысты болуы ықтимал, мұндағы тұрғындар қазіргі кездің өзінде жаз мезгілінде суды сағат бойынша алады", – дейді депутат. 

Бұл мәселені шешуге "Көкжиде" тұщы су ерекше кен орны көмектесе алар еді. Ол Ақтөбе және Атырау облыстарының шекарасында Мұғалжар ауданында орналасқан батыс өңірдегі ең ірі тұщы су көзі. Алайда... 

"Алайда жер қойнауын пайдаланушылар осы кен орны аумағы мен дәл жанынан ұңғыма қазып, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жер асты суының ластануына әкелуі мүмкін. Ал таза су көзі ластанған жағдайда туындайтын шығын жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін кірістермен салыстыруға келмейді. Осы гидрогеологиялық объектідегі жерасты суының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін бірыңғай операторды айқындау мәселесін қарауды сұраймыз. Көкжиде мекенінде экологиялық жағдайдың нашарлауына және жер асты суының ластануына жол бермеу үшін қолданыстағы мұнай өндіруге арналған келісімшарттарды зерделеу керек. Қажет болған жағдайда, мұнай компанияларына одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізуге тыйым салу және келісімшарттарды ұзартпау керек", – деп атап өтті сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу