Жер сілкінісінен кейін: Алматыда пәтер арзандап, жер үй қымбаттай ма?

455

Алматының баспана нарығы жер сілкінісіне дейін және кейін деп бөлінуі мүмкін.

Жер сілкінісінен кейін: Алматыда пәтер арзандап, жер үй қымбаттай ма? Фото: Inbusiness.kz

Зілзала әсіресе жоғары қабатта тұратын азаматтардың зәре-құтын қашырғанға ұқсайды. Көбі үйін сатып, жер үйге көшуді ойға алған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Тұрғын үй сайттарындағы бағалар да әп сәтте өзгеріп сала берді. Бұл жолы әдеттегідей орталықтағы пәтерлер емес, қала сыртындағы жер үйлердің бағасы көтеріліп барады. Соңғы тәулікте тіпті жалға алуға деген сұраныс 4 есе өскен көрінеді. Енді көпқабатты үйлердің құны қаншалықты төмендемек?

Алматыдан 8 шақырым жерде орналасқан Іргелі ауылының 17 мыңға жуық тұрғыны бар. Солардың бірі Еркежан. Отбасымен көпбөлмелі жер үйде тұрып жатқанына 2 жылға жуықтады. Біраз уақыттан бері бұл шаңырағын сатып, қаладан пәтер алуды жоспарлап жүрген. Бірақ кешегі жер сілкінісі ол ойын түбегейлі өзгертіп жіберіпті. Туыстары мен достарының қаладан ауылға ағылғанын көргесін қауіпсіз жерде өмір сүріп жатқанына көзі жетті.

"Дос, туыстарымыз келе бастады. Олар 9, 14 қабатта тұрады екен. Олар келіп, уайымдап. Пәтер жалдайды бәрі. Сосын жер үйдің жалға алу бағасын қарай бастады. Жер үйдің қадірін сездік қой. Сондықтан әзірге көшпейтін шығармыз. Қалаймыз, бірақ осы жағдайдан кейін осы үйге шүкір деп отыра беретін сияқтымыз", - дейді Іргелі ауылының тұрғыны Еркежан Сағаткәрім.

Алдағы уақытта Іргелі ауылының халық саны көбейетін түрі бар. Осында көшіп келуді ойға алған алматылықтардың бірін түсірілім барысында кездейсоқ кездестіріп қалдық. Асхат Жұмабектің Іргеліден жер учаскесін алып, үй саламын деп жүргеніне 8 жыл болған. Кешегі зілзаладан кейін құрылыс жұмыстарына ертерек кіріспегеніне өкінген көрінеді.  

"Қорқып, қайда барарымызды, қайда қашарымызды білмедік. Былай қарағанда жер үй көп қабатты үйге қарағанда біраз қауіпсіздеу сияқты. Тым болмағанда қашып үлгересің. Көпқабатты үйде қалай қашып үлгересің? Кептеліс болып қалады ғой. Сонымен қайтадан жеріме үй салсам ба деген ой келді. Ең болмағанда қазақ үй әкеліп, тігіп алсам да келіп алу керек па, табиғаттың көңіл-күй қалай болады. Егер тағы да жер сілкінсе, мен сияқты көп адам жер үйге қашатын сияқты ғой", - дейді Іргелі ауылының тұрғыны Асхат Жұмабек.

Асхат Жұмабек секілді зілзаладан әсер алғаны сонша, басындағы баспанасын сатып, ауылдық жерден үй немесе жер учаскесін алуды ойға алған алматылықтар көп. Сатылым сайттарында дүмпуден кейін кей жер үйлер мен учаскелердің құны 15 процентке, ал сұраныс 4 есе өскенін байқаймыз. Бірақ бұл нарық күрт құбылды деуге себеп емес екен. Себебі, әрекетке көшіп жатқан адамдар аз.

"Бүгін-ертең крышаға барлығы жоғары қабаттағы үйлерінің бағасын, хабарландыру жазып, сатып жатқан жоқ. Жүгіріп жатқан халық өте аз. Бірақ елдер қорқынышты басу үшін сатуға мәжбүрлеген ойлары бар. Бізге қоңырау шалып жатыр, келіп жатыр. Қалай ойлайсыздар, жоғары қабаттағы үйімді сатайын ба? Пәтерімді сатайын ба, жер үйге ауысайын ба деген сұраныс болды. Бірақ бағасы түсіп кетті деп айта алмаймын", - дейді баспана нарығының маманы Бақыт Меркибаева.

"Алматыдағы жер учаскелелерінің бағасы онсыз да көп адамдар үшін қолжетімсіз. Құрылыс материалдарының бағасын ескерсек, қатты шығындаласың. Оны кімнің қалтасы көтереді? Халықтың өте аз бөлігінің ғана ондай мүмкіндігі бар", - дейді Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риелторлар қауымдастығының президенті Александр Пак.

Сондықтан бұл оқиға тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Халық бүгін болған нәрсені ертең-ақ ұмытып кетеді. Жылжымайтын мүлік қалаған уақытыңда өткізе салатын тауар емес екендігін ескерген жөн, дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу