Атыраудағы жетімдер үйінің тәрбиеленушілері тұрғын-үй кезегін күтуден шаршаған. Ата-ана қамқорынсыз қалған оларға үкіметтен соңғы 2 жылда баспана берілмепті. Жауаптылардың табалдырығын тоздырған тұрғындар: "коммерциялық ғимараттарды қаз қатар тізе бермей, мұқтаждарға да ден қойылса" дейді. Ал жауаптылар әдеттегідей, заңнан аттай алмаймыз деп қол қусырып отыр.
Александр Кан балалар үйінде өскен. Тұрғын үй кезегіне 2015 жылы тұрыпты. 8 жылдан асса да әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Жергілікті билік осы проблемаға назар аударса дейді.
"Мен әлден пәтерге қарыз болып кеттім.Тұратын жерім жоқ. 4 күн далада жүрмін.Дым айтпайды. Кезек күтіңдер дейді болды. Дым істей алмайды",- деп ренішін білдірді қала тұрғыны Александр Кан Қала.
Облыс бойынша пәтер кезегінде 20 мыңнан астам адам тұр. Соның 1174-і жетімдер үйінің тәрбиеленушісі. Үйсіз-күйсіз жүргендердің шырылдайтындай жөні бар. Асыраушысыз қалған азаматтарға билік соңғы екі жылда пәтер бермепті.
"Егер бізде Атырауда әкімдіктегілер жұмыс істемесе, білмеймін. Олай болса президент шешсін. Бізге үй берсін. Көпбалалылар дейді мысалы, оларға бірден беріп тұр. Неге олай?! Біз де адам баласымыз ғой. Біз жетімбіз. Әке шешеміз жоқ. Ешқандай жылжымайды мына кезек деген. Бұрын бір 10-20 адамға жылжып тұратын еді. Қазір ол да жоқ. Жетімдер категориясына ешқандай көмек берілмейді",- дейді қала тұрғыны Дмитрий Перепликов.
Жауаптылар заңнан аса алмаймыз деп қол қусырып отыр. Ал жергілікті әкімдік тарапынан жалдамалы баспана санын көбейтуді көздеп отырғандарын айтады.
"Қазір біз арендалық үй дейміз ғой, соның санын көбейту бойынша министрлікке ұсыныстар бердік. Бұл мәселе қаралып жатыр. Сондай-ақ әкімдік тарапынан да жалға берілетін үй санын көбейтуді жоспарлап отырмыз",- деп түсіндірді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Аядай болса да өз бөлмелерін армандағандар қоныс тойын жуырда тойламайды. Әкімдіктегілерден үмітін үзген олар, мәселемізге мемлекет басшысы араласса дейді.