Жолаушылар тасымалдайтын компаниялар тығырыққа тірелді

520

Былтыр желтоқсан айында қала көшелерінде іші тар, орындығы аз, 50 жаңа автобус пайда болды.

Жолаушылар тасымалдайтын компаниялар тығырыққа тірелді Фото: видеодан алынған кадр

Қостанайда жолаушыларды тасымалдайтын компаниялар тығырыққа тірелді. Олар жекеменшігінде жоқ автобустардың лизинг ақысын өтеуге мәжбүр.  Мұның үстіне қалалық әкімдік бұл компаниялармен жасалған келісім-шарт мерзімін ұзартудан бас тартты. Қостанай халқы автобуссыз жаяу қалмай ма? 

Былтыр желтоқсан айында қала көшелерінде іші тар, орындығы аз, 50 жаңа автобус пайда болды. Бұл жергілікті зауытта құрастырылған көліктер "Тобыл" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына лизингке рәсімделген. 400 млн теңге алғашқы жарнасын да осы корпорация өтеген. Содан соң автобустарды 5 тасымалдаушы компанияға үшжақты келісім-шарт бойынша пайдалануға беріпті. 

"Бұл автобустар заң тұрғысында сауатсыз, қате ресімделген. "СарыАрқа автопром" кәсіпорыны оларды "Тобыл" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына сатты. Лизинг рәсімдеуші осы корпорация саналады.  Сондықтан біздің балансымызда бұл көліктер жоқ. Ал, несиенің төлемақысы 60 пайыздық субсидия есебінен өтеліп жатыр. Яғни, бізге көмек ретінде берілуі тиіс мемлекеттік жәрдемақы бюджеттен шығып, басқа қалтаға кетуде", - дейді Облыстық жолаушылар көлігі кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Ирина Лавриченко.

Бұл автобустар енді 7 жылдан кейін ғана тасымалдаушылардың иелігіне өтеді. Кәсіпкерлер жергілікті билік өкілдері қойған шарттың өздеріне тиімсіз екенін кейін түсінген. Өйткені, су жаңа көліктерді автобус паркіның есебіне енгізе алмай отыр. Ал, келісім-шартты өзгертуге тырысқанмен нәтиже жоқ. 

"Тасымалдаушылардың алғашқы жарнаға төлейтін ақшасы боламады. Сондықтан біз барлық шығынды өз мойнымызға алып, операторлық қызмет атқардық. Біз бұл автобустарды тасымалдаушы компанияларға жалға беру жөнінде келісім-шарт жасауға бірнеше рет әрекет жасап көрдік. Алайда, өнеркәсіпті дамыту қоры келіспеді", - деп түсіндірді "Тобыл" ӘКК басқарма төрағасы Аслан Жанысбаев.

Мұның ақыры кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді. Тасымалдаушы компаниялар енді көп жылғы кәсібінен айырылып қалуы мүмкін. 

"Бүгінде жолаушы тасымалдаушы компаниялармен жасалған келісім-шарттың мерзімін ұзартатын уақыт таяды. Заң бойынша компаниялар проценттік есеппен автопаркін жаңалаған жағдайда ғана біз олармен келісім-шарттты ұзарта аламыз. Алайда, тасымалдаушылар жаңадан автобус сатып алмай отыр. Сондықтан мемлекеттік байқау ұйымдастырамыз", - деді Қалалық ТҮКШ сектор бөлімінің меңгерушісі Нұрдаулет Бейсенов.

Мемлекеттік байқауда кімнің бағы жанары белгісіз. Ұзақ жылдар бойы жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан компаниялар өтпей қалып, байқаудан сүрініп жатса  олардың еңбеккелерлері жұмыссыз, табыстан қағылары һақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу